Президент Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Оның аясында президент өңірде ұйымдастырылып жатқан «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынына қатысты. Ауқымды іс-шара Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың қайсар қызының рухына тағзым етті. Ескерткішіне гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Сол жерде мемлекет басшысы өңір жұртшылығымен жүздесіп, әңгімелесті. Мемлекет басшысы батырдың 100 жылдығына арнайы келгенін айтып, бұл оның азаматтық борышы екенін жеткізді. Сондай-ақ қазіргі алмағайып заманда бірлікті, татулықты сақтау өте маңызды екеніне назар аударды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВғ ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Әлия Молдағұлова – халқымыздың қайсар қызы. Бүгін 100 жылдығына орай арнайы келдім. Бұл, ең алдымен, азаматтық борышым. Тағзым ету үшін келіп отырмын. Баршаңызға көп рақмет. Әлияның есімін халқымыздың арасында, шетелде кең ауқымда дәріптеуіміз керек. Ол – біздің мақтанышымыз. Сондықтан оның есімі біздің жадымызда мәңгі болып қалады.
———————————————