Астанадағы қоқыс полигоны аузы-мұрнынан шығып тұр

100 полигонның орнына жетеуі ғана салынған. Бүгінгі Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев әкімдіктерге жүктелген полигон мәселесі ақсап тұрғанын айтты. Айтуынша, бұған немқұрайлылық қана емес қаржы да жетпей жатыр екен.
Ауқымды экологиялық шара белсендісінің 156 мыңы – еріктілер. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға халықтың да айтарлықтай үлес қосқанын айтты. Акция аясында 573 іс-шара өткізіліп, 189 мың тоннаға жуық қалдық жиналған. Шамамен 735 мың гектар аумақ тазартылып 2 млн түптен астам ағаш отырғызылыпты.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ -ТІЛШІ:
Елімізде жыл сайын 4,5 мил тоннадан астам коммуналдық қалдықтар жиналып қалады екен. Ал оны қайта өңдеу деңгейі өткен жылы 25 пайызды құраған. Бұл көрсеткішті арттыру үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және қайта өңдеу үшін заманауи инфрақұрылым құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Дегенмен Қазақстандағы 3 мыңға жуық полигонның 608-інің талапқа сәйкес рұқсат құжаты бар. Бұл тек 20 пайызды ғана құрайды. «Полигонның көбі толып қалған», — дейді министр. Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыс орталықтарындағы қоқыс алаңы 90 пайызға толса, Астана полигоны аузы мұрнынан шығып тұр екен. Осы мәселені шешу үшін Үкімет 2023 жылы кешенді жоспар бекіткен. Бірақ мардымды жұмыс істелмепті.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
— 100 жаңа полигон салу көзделген. Бүгінгі таңда әкімдіктер тек жетеуін салып іске қосты. 23 полигонға құжаттама дайын. 18 полигон бойынша әзірленуде. Жоспардағы қалған 52 полигон бойынша әкімдіктер жұмыс жүргізбеген. Оның ішінде Абай облысында 22 палигон, Ақмола облысында – 4, СҚО-да 8 полигонның құжаттама мерзімі өткен. Ал түзету мүлдем жоспарланбаған.

Қоқыс алаңдарынан басқа «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік орман қорының аумағында 1,3 млрд көшет отырғызылған.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
— Мұндай экологиялық мәдениет қазіргі Қазақстан қоғамының күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Тазалық тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде.Бәріміз осы бір қарапайым ғана қағиданы үнемі жадымызда ұстағанымыз абзал.

«Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде жас жеткіншектерге экологиялық мәдениет қалыптастыру үшін де жұмыстар қолға алынған. Мектептерде 125 мыңнан аса оқушы қатысатын 4 мың «Жасыл клуб»жобасы жұмыс істейді.
———————————————