Алматылықтар үшін ең құнды игілік ауызсу болмақ. Алып шаһар тұрғындары су тапшылығын айқын сезініп отыр. Тіршілік нәрінің жиі тоқтауына инженерлік жүйенің ескіруі мен көпқабатты үйлердің көптеп салынуы болып отыр. Әбден тозығы жеткен коммуналдық желілер артық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Бұл дегеніңіз – құбырлар кез келген сәтте жарылуы мүмкін деген сөз.
Құбыр жарылып, су кету Алматыда апта сайын болатын үйреншікті жағдайға айналды. Соның салдарынан қала тұрғындары су тасығыш көліктің жанында сағаттап кезекке тұруға мәжбүр. Бірер күн бұрын су жүйесіндегі ақаудан тұтас бір көшеге ыстық су жайылды. Оны тоқтату үшін шағын ауданның ауызсу құбырын ұзақ уақытқа бекітіп тастауға тура келген. Жалпы бұл мәселе көпқабатты үйлермен қатар жеке сектор тұрғындарын да толғантып отыр.
Жаппай көпқабатты үйлердің бой көтеруінен қысым төмендеп кетті деген тұрғындар пікірімен сарапшылар да келісіп отыр. Жаңа тұрғын үй кешендері үстін-үстіне қосылғандықтан ескі су жүйесі жүктемені көтере алмай жиі бұзылатын көрінеді.
ЭДУАРД ВЕЛИЛЯЕВ – ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
— Су өткізу құбырлары жаңадан тартылып жатыр. Дегенмен басты желілер ескі. Жоғарғы қабатқа су жеткізу үшін насостық бекеттер қойылады. Ол жобаның қымбаттауына әкеп соғады.
2 миллион халық қоныстанған шаһардың коммуналдық жүйелері де тозған. Кез келген сәтте құбыр жарылуы мүмкін. «Алматы су» мекемесі: «Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», — дейді.
СЕРІК ШАҒЫРОВ, «АЛМАТЫ-СУ» МКК РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Соңғы жылдары кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасына орай желілерді жаңғыртуға басымдық беріп жатырмыз. Қазір ахуал біраз дұрысталды. Өткен жылы 40 шақырымдай құбыр жаңаласақ, биыл ол көрсеткішті 60 шақырымға жеткіземіз деген жоспар бар.
Сала мамандары жағдайды оңалтуға бұл сандар аздық етеді дейді. Жүйелердің жүктемесіз жұмыс істеуі үшін жүз шақырымнан астам желі ауыстырылу қажет. Бірақ мұндай ауқымды құрылыс мегаполис тіршілігін тоқтатып тастауы мүмкін. Сондықтан алматылық траффикті бұзбай, жыл сайын 60-70 шақырым құбыр жаңалау туралы шешім шығарылған. Ал қысымды күшейту үшін көпқабатты үйлерге жеке сорғы стансасы қойылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.