Киіктің киесі атпасын: министрлік 800 мың басты реттеуді ұсынды

«Елімізде 4 миллионға жеткен киік санын реттеуге ғылыми негіздеме дайын. Осы мәселені ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев. Ғалымдар ұсынған негіздемеге сәйкес, бүкіл популяцияның 20 пайызы азайтуға жатады. Көктемгі санақ қорытындысы бойынша, елімізде жалпы саны 3 миллион 900 мың киік бар. Оның ішінде 2 миллион 300 мыңы — Орал популяциясы, 1 миллион 600 мыңы — Бетпақдала, ал 700–800 мыңдай шағын популяция — Үстіртте. «Сондықтан шамамен 4 миллион киіктің ішінен 800 мыңын жұмсау керек», — деп отыр министр.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
— Киік етін пайдаға жарату мәселесі өте маңызды. Қазір жергілікті органдармен киік етін өңдейтін комбинат құрылысына қатысты инвестициялық жоба қарастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде өңірдегі 6 компания ниет білдірді. Әзірге, жұмыс басталған жоқ.
———————————————