СҚО-да кәсіпорын аумағындағы жарылыстан 8 адам зардап шекті

Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорын аумағында жойқын жарылыс болып, 8 адам күйіп қалған. Дені жансақтау бөлімінде жатыр. Алдын ала болжам бойынша, жанармай құю кезінде газ сақтау ыдысының иілгіш түтігі үзіліп кеткен. Салдарынан от шығып, ауыр жүк көлігімен жерасты резервуардың тіреуші жанған. Тілсіз жауды ауыздықтауға көрші Ақмола облысынан да құтқарушылар шақыртылды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Арнайы құрылған комиссия өрттің нақты неден шыққанын анықтайды.
ӘДІЛ СПАЕН – ТЖД БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Өрт орнына жедел 26-шы өрт сөндіру бекеті және Тайынша қаласының 14-ші өрт сөндіру бөлімі одан әрі Ақмола облысының өрт сөндіру қызметкерлері жұмылдырылды. Бүгінгі таңда белгілі, 8 адам әртүрлі жарақат алды. Ол адамдарға арнайы медициналық көмек жасалуда.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА – ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Екеуі Көкшетау қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Біздегі мәлімет бойынша олардың жағдайлары ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған науқастар Тайынша ауданаралық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Олардың үшеуі жеңіл жарақат алғандықтан, амбулаторлық түрде ем қабылдауға жөнелтілді. Қалған үшеуі ауруханада. Науқастардың беті, қолы мойны күйік шалған. 20 пайызбен 50 пайыздың арасында.
———————————————