Жездесі мен жиенін өлтірген екі қылмыскер 24 жылға сотталды

Түркістан облысында жездесі мен жиенін өлтіріп, өзенге тастағандар сотталды. Қанды қылмыс өткен жылы, Шардара ауданында Сырдария өзенінің жағасында болған. Сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы екі жәбірленушіні ұрлап, оларға күш көрсетіп, аяқ қолы мен бет-аузын байлап тастаған. Сонан соң, кеуде тұсынан бірнеше рет соққы жасаған. Алған жарақаттардан екі ер адам оқиға орнында қайтыс болды. Ал сотталушылар қылмысты жасыру мақсатында, мәйіттерді өзенге ағызып жіберген. Қос айыпталушы да «Адам ұрлау», «Бас бостандығынан заңсыз айыру» және «Адам өлтіру» бабы бойынша, алқабилердің шешімімен кінәлі деп танылды. Ер адамның бірі 24 жыл 6 ай мерзімге, екіншісі 23 жылға түрмеге қамалады. Сондай-ақ, олардан ортақ тәртіпте 30 млн теңге моральдық шығын өндірілді.
———————————————