Шатыр желге ұшып, жертөле суға толды. Ақтөбе облысындағы Алға қаласында қайта жаңғырту бағдарламасынан өткен көпқабатты үйдің жағдайы осы. Есесіне тұрғындар 15 жылға қарызға кірген.
Алға қаласындағы бес қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жасалғаннан кейін, тұрғындар шатырдан ұшып жатқан профлисттердің қалдықтарын жинаумен әлек. Жұмысшылар оны қысқа шегелермен бекітіп, қара маймен жапсырған. Бірақ бұл көмектеспеген сияқты – материалды жел үзіп кеткен. Бұл – мәселенің бір ұшы ғана.
ТАТЬЯНА РУМАШ – ТҰРҒЫН:
— 10 желтоқсанда осы үйде тұрғаныма 50 жыл болады. Бірақ ешқашан жертөле мен шатыр бұлай суға толмаған. Бұл не масқара! Шатырдың саңылауларын жаппаған, жел гуілдеп тұрады. Менің балам тұратын бөлме – қыста отыру мүмкін емес, өте суық. Ештеңе дұрыс істелмеген. Мен мүлде төлемеймін. Түсініп отырсыз ба, мен есептесем – миллион теңге төлеуім керек екен.
Мұндай «термомодернизация» үшін тұрғындар ай сайын 4 мыңнан 8 мың теңгеге дейін 15 жыл бойы төлеуге тиіс. Тұрғындар бұл төлемнен бас тартып, прокуратураға да шағымданған. Бірақ нәтиже болмағанын айтады. Бір қызығы алқам салқам үйдің жағдайына қарамастан, сот мердігердің пайдасына шешім шығарған. Ал тапсырыс беруші «Ақтөбе»акционерлік қоғамы тұрғындар мердігер компанияны өздері таңдағанын айтып отыр. «Сондықтан енді олар қалайда қарыздарын өтеуге тиіс», — дейді. Өйткені жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаражат бюджетке қайтарылуы тиіс.
ЕРМАХАН БАЛМАҒАМБЕТ — ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Бұл үйдің тұрғындары жөндеуге бөлінген қаражатты қайтарғысы келмейді. Сома – 38 миллион теңге. Жөндеу аясында шатыр, фасад ауыстырылып, сырлау жұмыстары мен инженерлік желілер жаңартылды. Бұл жұмысты тұрғындар өздері қабылдады. Сонымен қатар авторлық, техникалық бақылау және «СПК Ақтөбе» де қабылдау актісіне қол қойды.
Егер тұрғындар төлемнен бас тартса, «СПК Ақтөбе» сотқа жүгініп, соңғы екі жылдағы және алдағы 13 жылдық қарызды өндіріп алмақ. Алайда бұл үйде негізінен зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар тұрады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.