Каникул кезінде балалардың тәртіпсіздігіне мектеп жауапты емес

Каникул кезінде балалардың тәртіпсіздігіне мектеп жауапты емес. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов жасөспірімдердің бұзақылығы үшін мектеп директорлары мен мұғалімдерді жауапкершілікке тартуды сынға алды. Депутат: «Оосылай жалғаса берсе, білім ордасын басқаратын адам қалмайды», — деп алаңдаулы.
Алматы, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облысында ауылдық мектептерге директор мен оқу, тәрбие бөлімінің меңгерушілерін табу қиын. Мамандар бұл жұмыстан қашады. Өйткені жауапкершілігі зор. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудан бөлек, директор әр баланың қимыл-әрекетіне жауапты қазір. Мектепте болса, бір жөн, сабақтан тыс уақытта немесе демалыс кезінде болған оқиғалар үшін де мектеп басшысы жазаланады.

ЕРБОЛАТ САУРЫҚОВ – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Жалпы, мектеп директорлары мен меңгерушілерді мектептен тыс уақытта, демалыс немесе каникул кезіндегі оқиғалар үшін жазалау, тәртіптік шара қолдану немесе жұмыстан босату – заңға да, логикаға да қайшы келеді. Біздің ойымызша, бұл мәселені шешуде халықаралық тәжірибеге де назар аудару қажет. Барлық дамыған елде мектеп басшылары тек оқу процесі мен ресми мектеп іс-шаралары аясында ғана жауап береді. Басқа жағдайларда, ата-аналар толық жауапты. Бұл – әділетті және тиімді тәсіл.

Заң бойынша мектеп әкімшілігі тек оқу-тәрбие үдерісіне жауапты. Ал баланы тәрбиелеу – ата-ананың міндеті. Бұл талаптар «Білім туралы» заңда да, «Неке және отбасы» кодексінде де нақты жазылған. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың тәртібі үшін ата-аналарға жауапкершілік жүктелетіні «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодексте де көрсетілген.
Дегенмен депутат «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңда жасөспірімдердің тәртібіне қатысты нақты және тиімді нормалар жоқ екенін анықтаған. Осыған байланысты бұл салада құқықтық олқылық бар деп, тіпті заңнамаға нақты өзгерістер енгізуді Үкіметке ұсынды. Еске салайық, Семейде №9 мектеп директоры осы жылғы 24 ақпандағы оқиғадан кейін тәрбиелік шараларды ұйымдастырмағаны үшін жұмыстан босатылды, ал оның орынбасары қатаң сөгіс алды.
———————————————