Күт өту мен астан уланудан қалай қорғануға болады?

Жаз басталысымен қазақстандықтар шетелдік тынығу кешендерімен қатар, отандық демалыс орындарына ағылып жатыр. Алайда демалушылар шамадан тыс күн сәулесін қабылдау, сапасыз тағам тұтыну денсаулыққа зиян екенін ескере бермейді. Күт өту мен астан уланудан қалай қорғануға болады?
Жаз – асқазан-ішек ауруларының асқынатын кезеңі. Ми қайнатар ыстықта азық-түлік тез бұзылатыны анық. Бірақ тұрғындар көбінесе тағам сақтау талаптарына жіті мән бермейді. Санитар-дәрігерлер аурушаңдық деңгейін төмендету үшін қоғамдық тамақтану орындары мен ашық базарларда бақылауды күшейтті.

ӘСЕЛ БІТАЕВА, САНЭПИДҚАДАҒАЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Азық-түлік таңдау барысында тұрғындарды аса мұқият болуға шақырамыз. Өнімнің шығу және жарамдылық мерзіміне мән беру керек. Тұтынушылар қоғамдық тамақтану нысандарынан санитарлық-эпидемиологиялық рұқсат құжаттарын талап етуге құқылы.

Дәрігерлер қарапайым жеке бас гигиенасын сақтамау салдарынан жаз мезгілінде ауруханалар аузы-мұрнына дейін толатынын айтады. Медицина мамандары тұрғындарға санитарлық талаптарды орындамаудың салдары ауыр жағдайға соқтыратынын ескертеді.

ЛАУРА КЕНЖЕТАЕВА, АУРУХАНА МЕЙІРБИКЕСІ:
— Көбіне сальмонеллёз, дизентерия секілді ішек аурулары тіркеледі. Әсіресе қалыпты температурада сақталмаған сүт өнімдері, жұмыртқа, ет және балықтан даярланған тағамдардан инфекция жұқтырады. Тоңазытқышта сақталмаған азық-түлікті тұтынбаңыз.

Нутрициологтар жазғы ас мәзірі жеңіл әрі дәмді ең бастысы қауіпсіз болу керек дейді. Гауһар Байгелова демалыс кезінде бұрын көрмеген экзотикалық тағамдарға бас салмай, құрамы мен ағзаға сіңімділігін тексеріп алуға кеңес береді.
ГАУҺАР БАЙГЕЛОВА – МЕДИЦИНАЛЫҚ МАМАН ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Жаздың ыстық күндері қайта өңделген тағамдардан бас тартқан жөн. Тәтті торт, түрлі жақпамай, бәліш, шұжық өнімдері, сауда орталықтарындағы дайын тамақтарды алмаған абзал. Сонымен қатар жастар іздеп жейтін көшедегі фаст фудтан қауіп көп.

Көшеде қаптап кеткен тез тағам дайындау дүңгіршектерінде санитарлық талаптар қаншалықты сақталатыны белгісіз. Олардың заңды жұмыс істеп тұрғаны да күмән туғызады. Жалпы көшеден фаст фуд алу-алмауы әр адамның өз еркінде, яғни қауіпсіздігі өз қолында. Демалыста, жалпы тұрмыста болсын тазалық пен балғын тамақ таңдау аурухана төсегіне таңылудан құтқарады.
———————————————