Ондаған жылда алғаш рет нақты өлшем қолға алынды. Қостанай облысындағы ең ірі су қоймасы – Қаратомар және Жоғарғы Тобыл суының түбі зерттеледі. Бұл қоймадағы нақты су қорын анықтауға көмектеседі. Зерттеуді жергілікті Ахмет Байтұрсынов атындағы университет ғалымдары жүргізіп жатыр. Қойма суы Қостанай, Рудный, Лисаковск қаласын, сонымен қатар кәсіпорын мен ауыл шаруашылығын қамтамасыз етті. Зерттеуге гидрографиялық дрон қолданылады. Бұл құрылғы су бетінде өздігінен қозғалып, эхолот көмегімен су түбін сканерлейді. Осы мәліметтер су қоймасының 3D моделін сантиметрлік дәлдікпен жасауға мүмкіндік береді. Бір қызығы, алғашқы нәтиже- кейбір нүктелерде, тереңдік бұрынғы есептеулерден 10 метрге артық екенін көрсеткен. Яғни, бұл бұған дейін есептелмеген, миллиондаған текше метр су деген сөз. Жиналған ақпарат- су қоймаларын толтыру, босату және суды алуды дәлірек жоспарлауға мүмкіндік береді.
АЛМАБЕК НҰҒЫМАНОВ – ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
— Бұл – өте ауқымды көлем, ол ондаған пайызға дейін жетуі мүмкін. Жоспарланған көрсеткіш пен нақты өлшеулер арасындағы айырмашылық айтарлықтай. Қазіргі заманауи жабдықтар арқылы тереңдікті сантиметрге дейін дәл анықтауға болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.