Қазақстанда соңғы жылдары заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару бағытында нақты әрі нәтижелі қадамдар жасалып жатыр. Бұл – тек әділеттілікті қалпына келтіру емес, халық игілігіне жұмыс істейтін жаңа механизмнің қалыптасуы. Қайтарылған қаржы енді қағаз жүзінде емес, нақты нысандар мен инфрақұрылым арқылы ел өміріне оң әсер етуде.
ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— 318 миллиард теңге: Заңсыз жолмен алынған активтер халық игілігіне жұмсала бастады. Атап айтқанда, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталып жатыр.
Ел Үкіметінің дерегі бойынша, қазіргі таңда жалпы құны 318 миллиард теңгеге бағаланған 406 жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оның ішінде 333 жоба нақты іске асырылып жатыр. Бұл жобалар еліміздің түкпір-түкпіріндегі денсаулық сақтау, білім беру, спорт және ауызсумен қамтамасыз ету саласын қамтиды.
Басты назар – шалғай аймақтарды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту. Мысалы, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында елді мекендерде жаңа медицина ғимараты тұрғызылған. Ал су құбыры желілерінің құрылысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық қаласы мен ауылын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етудің стратегиялық мақсатына сәйкес келеді, бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам.
Өңірлердегі нақты жобаларға келер болсақ, Шығыс Қазақстан облысында заманауи Гематология орталығының құрылысы. Онда кардиохирургия, сүйек кемігін трансплантациялау, радиациялық диагностика секілді бөлімше жұмыс істейды. Солтүстік Қазақстан облысында Соколов, Булаев, Преснов су құбырлары жаңғыртылып жатыр. Қарағанды облысының 7 ауданында 51 медициналық нысан салу көзделген. Ақтөбе облысында ерекше балаларға арналған жаңа балабақша жобасы да осы қаражат есебінен салынады. Ал Түркістан облысында 35 ауызсу жобасы мен 1 білім беру нысаны қолға алынған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.