Есірткімен болашақ жоқ! Астанада осындай атаумен ауқымды іс-шара өтті. Мақсат – синтетикалық заттардың қауіптілігіне жастардың назарын аударту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы кездері әлеуметтік желілерде психотропты және синтетикалық заттарды жарнамалау көбейген. Есірткі сату бойынша 200-дей граффити суреті өшіріліп, 600 есірткі сайты бұғатталды.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Мамандардың мәліметінше, есірткі тұтынатындардың басым көпшілігі – жастар. Әсіресе психотропты дәрілерді тұтынатындар көбейген. Қазір әлеуметтік желілерінде адам ағзасына зиянды түрлі синтетикалық заттар еркін сатылып жүр. «Сондықтан есірткінің салдарымен емес, оның алдын алуға аса көңіл бөлу керек», — дейді құзырлы орган өкілдері. Нашақорлыққа қарсы бүгінгі іс шараның мақсаты да сол. Есірткіге қарсы қоғамның күшін біріктіру. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Кей дәріханалар құрамында есірткі бар препараттарды дәрігердің нұсқауынсыз жасырын сатып жүр. Дәрілердің заңсыз айналымын азайту мақсатында қоғамдық бірлестіктермен бірлескен мониторинг үздіксіз жүргізіледі. Құпия сатып алу нәтижесінде 4 дәріхана лицензиясынан айырылды.
Дегенмен, телеграмм арналарын бұғаттау, есірткі саудасына түбегейлі тосқауыл болмай тұр. Биыл Астана қаласында жасөспірімдер арасында 600-ден астам есірткіге қатысты заңбұзушылық анықталды. Оның 120-сы – есірткі сату дерегі. Заңсыз айналымнан 300 келіден астам есірткі тәркіленді. 30 келіге жуығы – синтетикалық улы зат.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.