Амнистия жарияланады: 4 мыңнан астам адам түрмеден шығады

4 мыңнан астам адам алдағы жарты жылда түрмеден шығады. Оларға Конституцияның отыз жылдығына орай рақымшылық жасалмақ. Тиісті заңды бүгін Сенат депутаттары мақұлдады. Енді Президент қол қоюы тиіс. Жалпы, амнистияға 15 мыңнан астам сотталған ілігеді десек, соның 4 мыңдайы жазадан толық босатылады. Қамауда отырғандардың 11 мыңының негізгі жаза мерзімі қысқарады. Бірінші кезекте соғыс және еңбек ардагерлері, қылмыс жасаған кезде 18 жасқа толмаған балалар, осы заң күшіне енген күнге жүкті әйел, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер босатылады. Бұдан бөлек, тізімде онша ауыр емес қылмыс жасағандар және орташа ауырлықтағы қылмыс жасап, бірақ залалын толық өтегендер бар. Ал шетелде жазасын өтеп жатқан мыңнан астам отандасымыздың жасаған қылмысы ауыр болғандықтан, ешбірі рақымшылыққа ілікпейді. Ауыр қылмыс жасағандарға да кешірім жоқ.
МҰРАТ ҚАДЫРБЕК, СЕНАТОР:
— Рақымшылық шаралары сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағанның 14-тен 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар; өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған және заңда нақты қарастырылған басқа да қылмыстар жасаған адамдарға қатысты қолданылмайды.
———————————————