Атырауда қамыс өртінен жағдайы нашарлаған он үш адам жедел жәрдем көмегіне жүгінді. Дені – зейнеткерлер мен балалар. Көбінің басы айналып, қан қысымы көтерілген. Қазір олар дәрігерлер бақылауында. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, аймақтағы «Ақжайық» резерватында қамыс өртеніп, қаланы көк түтін басқан болатын. Соңғы ақпаратқа сәйкес, жағдай әлі тұрақсыз. Өрт бықсып жанып жатыр. Қазір 1500 гектар аумақ күлге айналған. Мамандар өртке адами фактор себеп болуы ықтимал деп отыр. Ал құзырлы орган осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.
ГҮЛНАФИС РАХМЕТОВА, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНСАСЫНЫҢ БАС ФЕЛЬДШЕРІ:
— Көп жағдайда созылмалы ауруы бар пациенттер, ішінде егде жастағылар да бар. 6 жастағы бала да, жеткіншек те бар. Барлығына алғашқы көмек көрсетілді. Жалпы, қамыс өртіне орай денсаулығына зиян келіп, шақыртқандар аса көп емес. Бірақ та он адам шағымын жеткізді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.