Шымкенттегі дендросаябақта кітапхана мен шахмат клубының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, мұнда шағын дүкен де бой көтермек. Бұл экобелсенділер мен қала тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Олар жасыл желекке зиян келе ме деп алаңдайды.
Дендрологиялық саябақ аумағында салынып жатқан құрылыс тұрғындар тарапынан сынға ілінді. Шымкенттіктер бақ ішіне жаңа құрылыс қажет емес, оның орнына жасыл желекті аялап ұстау қажет екенін айтады. Тіпті «бой көтеріп жатқан нысанның кесірінен ағаштарды кесуі мүмкін» деп алаңдап отыр.
АЙСҰЛУ ҚҰНАНБАЕВА – ЭКОБЕЛСЕНДІ:
— Мұнда тіпті шөп жоқ, бәрі тапталған. Менің ойымша, дендросаябаққа кәсіпкерлерді жақындатуға болмайды. Оларды тек демеушілік, қандай да бір акциялар өткізу, жарнама жасау тұрғысынан ғана тартуға болады. Бірақ мұнда кәсіпкерлерді өте сақтықпен кіргізу керек.
Экобелсендінің алаңдау себебі – дендрологиялық саябақта кітапхана мен шахмат клубы ғана емес, дүкеннің де салынуы. Себебі бұл бақ әлемнің түпкір-түпкірінен жинақталған жасыл желекке бай. Көктерек, балқарағай, самырсын және магнолия секілді ағаштар, сирек кездесетін, Қазақстанның қызыл кітабына енген өсімдіктер бар. Бүгінде мұнда 200-ден астам фауна түрі өседі. Ал қазір денросаябақтың орталық аумағында жеке инвестор есебінен құрылыс жүріп жатыр.
ЕСДӘУЛЕТ ДОСТИЯРОВ, ДЕНДРОЛОГИЯЛЫҚ САЯБАҚ ДИРЕКТОРЫ:
— Ешқандай зиян келтіретін тірліктер болып жатқан жоқ. Бұл жерде халықтан қарсылық емес, түсініспеушілік болып жатыр, «ағаш кесіліп жатыр» деген сияқты. Ешқандай ағаш кесіліп жатқан жоқ. Ғылыми бағыттағы жұмыстар жасалынуы керек. Мұндай кітапханалар бізге керек, болуы тиіс. Халықтың сұранысына байланысты «осы жерде сусындар болсыншы» дегеннен кейін біз кітапханамен үйлестіре отырып, дайын өнімдер болатын, кішігірім дүңгіршектің құрылысын жүргізіп жатырмыз.
Ал қала әкімінің орынбасары салынған нысан жекеменшікке өтеді деген әңгімені жоққа шығарды. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Ал жасыл желекті суару мәселесі де өз шешімін тауыпты.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Дендросаябақ та, басқа саябақтар да жекенің меншігіне өтпейді. Жекелеген бөлігі де, толықтай да жекеге берілмейді. Ешқандай ағаш кесілмейді, құрлыс ешқандай өсімдікке зиян келтірмей жүргізіледі. Ал суғару жүйесіне келер болсақ, қазір үлкен магистральды канал жөндеуден өтті. Енді судан тапшылық болмайды.
Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, дендросаябақ толығымен мемлекет меншігінде қалады. Ал көгалдандыру жұмысы әрі қарай жалғаса береді. Жоспарға сәйкес, жаңа көгал төселіп, жасыл желектің қатары толығады, дейді жауаптылар. Айта кетейік, Шымқаланың өкпесі саналатын дендрологиялық саябақ 1979 жылы қаладағы қоқыс полигонының орнында құрылған. Бүгінде бұл жерде екі жүзден астам ағаш пен өсімдік түрі өседі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.