Жазғы демалыстың көркі – лагерь. Алайда ата-аналар үшін оған жолдама табу үлкен сынаққа айналған. Себебі демалыс орындары тапшы. Мәселен, Қостанай облысында ескі демалыс орындары жабылған немесе жөндеуді қажет етеді. Ал сұраныс жылдан жылға артып жатыр.
Жаз басталса болды, әлеуметтік желілерде ата-ананың ұзын-сонар кезекте тұрған бейнежазбасы жиілей түседі. Мәселен, мына видеода, азаматтар лагерге жолдама алу үшін таңғы 4-тен кезекте тұр. Соған қарамастан бәрі бірдей жолдамаға қол жеткізеді деуге келмейді. Себебі орын саны шектеулі.
Әулиекөл ауданындағы «Балдәурен» – Қостанай облысындағы ең заманауи лагердің бірі. Екі жыл бұрын демалыс орны өртеніп кеткен болатын. Бірақ қайырымдылық қорының қолдауымен қайта қалпына келтірілді. Қазір мұнда қажеттінің бәрі бар. Лагерь 5 ауысыммен жұмыс істейді. Әрқайсысында 100 баладан қабылданады. Бірақ сұраныс бұдан да жоғары.
БИБІГҮЛ ӘБДРАХМАНОВА – «БАЛДӘУРЕН» ЛАГЕРІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
– Сұраныс өте жоғары. Біз жолдамаларды 1 наурызда сата бастадық. 20 наурызға дейін бәрі сатылып кетті. Біз төрт ауданға қызмет көрсетеміз: Ұзынкөл, Қарасу, Наурзым және Әулиекөл ауданы. Бұдан бөлек, өз бетінше сатып алатын жеке тұлғалар бар. Күнде келіп, жолдама сұрап тұратындар өте көп.
Директордың айтуынша, маусым басталып кеткенімен, ата-аналардың жолдама сұрауды тоқтатын түрі жоқ. Ал бос орын тек біреу лагерьден бас тартқан жағдайда ғана пайда болады. Оның өзі – сирек кездесетін жағдай. Балалар болса, қаладан тыс жерде, достарымен бірге демалуға асығады. Мысалы, Алексей Лукашук соңғы бес жылда бірде-бір лагерь маусымын жібермеген.
АЛЕКСЕЙ ЛУКАШУК – ОҚУШЫ:
– Өткен лагерь маусымы да жақсы болды. Десе де биылғы әлдеқайда жақсы – алаң көп, душ бар. Маған ұнайды, жаңа достар табуға болады.
Білім басқармасының мәліметі бойынша, облыста 12 лагерь жұмыс істейді. Оның үшеуі – жекеменшік. Биыл оларда 8 мыңға жуық бала демалады. Ал сұраныс бұдан бірнеше есе көп. Қалған 38 мың оқушы мектеп жанындағы жазғы алаңдар ұсынылған. «Бұл мәселені реттеу үшін ескі лагерлерді қалпына келтіру қажет. Ол үшін инвестиция мен бизнесті тарту керек», — дейді жергілікті шенеуніктер.
АННА ЛАЗАРЕВА – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
– Біз лагерьлер желісін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда Меңдіқара ауданындағы «Солнечный» лагері қирағалы тұр. Оны жекеменшікке беру үшін конкурсқа шығардық. Сондай-ақ техникалық тексеруді қажет ететін «Нива» лагерін Қостанай қаласының балансына беру мәселесі қаралып жатыр.
Балаларға арналған лагердің мәселесі қашан шешілетіні әзірге белгісіз. Бұл іс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Басқарма өкілдері осылай дейді. Соған дейін Қостанай облысындағы жазғы лагерлер тапшылығы сақтала бермек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.