Петропавлдағы мектептің бірінде күні кеше аттестат тапсыру кезінде оқыс оқиға болды. Салтанатты шара кезінде акт залының төбесі опырылып түскен. Абырой болғанда адам дін аман. Осындай тозығы жеткен Солтүстік Қазақстан облысында 100-ге тарта білім беру мекемесі жөнделеді. Қайта қалпына келтіруге 6,5 миллиард теңге бөлінді.
№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені – өңірдегі ең үлкен білім ошағының бірі. Тәуелсіздік алған жылдары пайдалануға берілген. Қазір екі мыңға жуық оқушы екі ауысымда оқиды. Биыл бюджеттен 216 миллион теңге бөлініп, шатыры толығымен ауыстырып жатыр.
ЛӘЗЗАТ ЖОЛМҰҚАНОВА – МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
— 8 жылдан астам су төбеден ағатын. Оңай емес. Бұл енді балаларға арналған мектеп қой. Соларға бір биыл әдемілеп тұрып, реновацияның арқасында жағдай жасайын деп отырмыз.
Ал күні кеше облыс орталығындағы №9 орта мектепте түлектерге аттестат табыстау кезінде акт залы төбесінің армстронг үлгісіндегі плиталары опырылып түсті. Ол кезде іште шамамен 100-ден астам адам болған. Оқыс оқиға қатысты арнайы комиссия құрылады.
ГҮЛДЕН ӘЛЕНОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Бастысы зардап шеккендер жоқ. Салтанатты шара кезінде іште 50 түлек және 80-ге жуық ата-ана болды. Барлығы бірден сыртқа шығарылды. Тексеріс жүргізілген соң, жөндеу жұмыстарын бастаймыз.
Биыл аймақта 100-ге тарта білім беру мекемесі қайта қалпына келтіріледі. Олардың дені ауылдық жерлерде орналасқан. Яғни нысандардың жылыту жүйесі, есік-терезелерімен шатары ауыстырылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 6,5 миллиард теңге қаржы бағытталды.
ӘСЕЛ ОРАЗБАЕВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— 94 нысанда жөндеу жүргізілді. Оның ішінде 35 нысанда күрделі жөндеу, мектептерді айтатын болсақ, 26 мектепте күрделі жөндеу жүргізіледі. Мердігер компаниялармен келісім-шарт жасалды. Жөндеудің барлығы жаңа оқу жылының басталуына дейін аяқталуы тиіс.
Жалпы бүгінде аймақта 400-ден астам мектеп бар. Оның көбі ескірген. Сондықтан жауаптылар аталған мәселені кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отыр. Ал өңірде биыл тек 2 жаңа мектеп пайдалануға берілмек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.