«Forever 29»: әйелдер достығы жайлы жаңа сериал

Қыз-келіншектер арасындағы достық, қамқорлық, отбасы құндылықтары. Алматыда «Forever 29» атты бірегей сериалдың түсірілімі басталды. Онда бірнеше кейіпкердің тағдыры жинақталған.
Шығармашылық топ түсірілімді әдеттегідей табақ сындыру рәсімінен бастады. «Forever 29» әйелдер арасындағы достық тақырыбын арқау еткен бірегей сериал болмақ. Кезінде сыныптас болған үш құрбының есейгендегі өмірі, басынан өткен таңғажайып, шым-шытырыққа толы оқиғасы баяндалады.

АЙЫМГҮЛ МЭЛСҚЫЗЫ, ЖОБА ПРОДЮСЕРІ:
— Әйел затының ішкі жан дүниесін кейіпкерлер арқылы көрсеткіміз келді. Біздің көңіл күйіміз күнде жүз рет ауысады. Біз мықты бизнес-вумен бола аламыз. Үйде отырып тамақ пісіре аламыз. Ана бола аламыз. Соның барлығын әр кейіпкерге салғымыз келді.

Актриса Алтыншаш Шаяхметова сериалдағы бас рөлдің біріне таңдалған. Мадина есімді мансап жолын қуған іскер қыздың рөлін сомдамақ. «Бірақ туындыдағы кейіпкердің мінезі мен өмірдегі шынайы болмысым мүлдем ұқсамайды», — дейді өнер иесі.

АЛТЫНШАШ ШАЯХМЕТОВА, АКТРИСА:
— Менің персонажым – Мадина өзін анасына дәлелдеу үшін бәрін жасайды. Оның ең үлкен арманы – ана болу, отбасын құру, сүйікті жар болу, бірақ өмірін мансапқа арнайды.

Актерлік құрамға Карина Күдекова, Гаухар Бейсембаева, Шыңғыс Бейбітұлы, Дәулет Өзбеков, Жандос Сейдалин іріктеліп алынды. Туындыны режиссер Маржан Хайдар түсіріп жатыр. Ал сценарий авторлары — Айнұр Мубарова және Раушан Садырбаева. Өмірдегі сәтсіздік – қоғамдағы әйел арасында туындайтын әлеуметтік мәселе. Жоба продюсері Айымгүл Мәлсқызының айтуынша, туындыда көрерменді ойландыратын тұс көп болмақ.

АЙЫМГҮЛ МЭЛСҚЫЗЫ — ЖОБА ПРОДЮСЕРІ:
— «Тұрмысқа қашан шығасың? Жұмыс істеп өлесің бе?» деген көп сұрақ қойылып жатады. Сол сұрақтарға жауап бергіміз келді. Әр әйел заты отбасын құрғысы келеді. Бірақ өмір жолында қандай жағдайларға кезігеді соны көрсетеміз. Әйел заты ер адамнан мықты деген емес, әйелдің өзіне өзі ғана тәуелді екенін, аяғында нық тұра алатынын, қолынан қандай дүние келетіні жайлы болмақ.

Айта кетейік, төл туыныдыны Freedom Media платформасының тапсырысымен Umai Production компаниясы түсіріп жатыр. Онлайн кинотеатр бұған дейін көрерменді бірнеше жобамен тәнті еткен. Режиссер Айтөре Жолдасқали түсірген «Toxic», Дархан Төлегеновтің «Mūnai», және Әділхан Ержановтың «Қазақтың қорқынышты ертегілері» атты ерекше жобасы дәл осы онлайн кинотеатр арқылы көрерменге ұсынылмақ.

АИДА ӘЛІШБАЙ, FREEDOM MEDIA ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ ПРОМО ПРОДЮСЕРІ:
— Команда өте мықты , кәсіби мамандар, бэграунд бар кісілер. Бұл туынды тек әйелдердің аудиториясына ғана емес, ер кісілерге, жастарға да қызық болады. FREEDOM MEDIA –жаңа буынға арналған платформа, жаңа дем әкелетін платформа десем болады.

Туынды Freedom Media платформасының онлайн кинотеатры арқылы көрерменге жол тарпақ.
———————————————