Павлодардағы дүлей дауылдан бір адам қаза тапты

Жұлынған шатыр, сынған ағаш, бүлінген көлік. Павлодарда дауыл салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Табиғат апаты өңірдің инфрақұрылымына айтарлықтай зақым келтірді. 19 маусымда бұл аймақта секундына 43 метрге дейін жеткен дауылды жел тіркелген. Дүлей дауылдан бір адам қайтыс болды. Қазір коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Павлодарлықтар есін жиып, аула мен көшелерді тазалауға кіріскен.
Жел екпіні күшті болғаны соншалық, қала ішіндегі ондаған ағашты тамырымен қопарған. Жолға, тұрақтағы көліктерге құлаған ағаш көп. Дауылдың ең ауыр зардабы жағалауға тиді. Шағын сәулеттік формалар мен абаттандыру элементтері қирады, жағажай мен сауда павильондары бүлінді.

Дауылды жел тұрғын үйлердің шатырын жұлған. Облыс бойынша ондаған ғимаратқа зақым келген, соның ішінде 6 әлеуметтік мекеме бар. Өңірдің бірқатар қаласы мен кейбір ауданда жарық та, су да жоқ. Коммуналдық қызметтер электр желілері, көше жарығы мен бағдаршамдарды қалпына келтіріп жатыр. Оған 48 апатты бригада жұмылдырылған.

АСҚАРБЕК ОМАРОВ, ТЖД ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Табиғи апат салдарынан инфрақұрылым нысандарына үлкен залал келді. Облыс бойынша 297 ғимарат пен құрылысы жүріп жатқан нысанның шатыры бүлінген, ағаштар құлап, электр желілерінің тіректері зақымданды.
Құтқару қызметіне көмек сұрап 17 адам жүгінген. Олар түрлі жарақат алған. Терісі сырылған, көгерген, сүйегі сынған жандар бар. Өкінішке қарай, 1968 жылы туған әйел қайтыс болды. Ол такси ішінде отырған кезде үстіне ағаш құлап, кеуде тұсынан алған жарақаттан көз жұмды.

АЙГҮЛ МҰҚЫШЕВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазір екі ересек адам: бірі Павлодар қалалық №1 ауруханасында, екіншісі Екібастұз қалалық ауруханасында жатыр. Жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Одан бөлек, облыстық балалар ауруханасына 7 бала жеткізілді, біреуі ауруханаға жатудан бас тартты. Дәрігерлер қарап болған соң, 2 бала ауруханаға жатқызылды.

Өңірде дауылдан келген шығынды бағалау үшін комиссия құрылған. Оның міндеті – қирандыларды тіркеп, алдағы қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтау.
———————————————