Дауылдан бүлінген мүлік: өтемақыны қалай алуға болады?

Павлодар облысында дауылдың салдарын жою жұмыстары біткен соң, табиғи апаттан келген шығын есептеледі. Өңірде құлаған ағаштардың салдарынан көптеген көлік зақымданып, қала тұрғындарының өзге де мүлкі бүлінді. Адам өлімі де тіркелді. Қазақстанда қандай мүлік сақтандырылады және жақын адамынан айырылған жағдайда қандай көмектен үміттенуге болады?
НҰРГҮЛ МӘЛІК – ЗАҢГЕР:
— Қазақстан Республикасында табиғи апаттардан зардап шеккен азаматтар болса, оларға біржолғы ақшалай төлемдер қарастырылады. Сонымен қатар, несиелер бойынша кейінге қалдыру жөнінде көмек беріледі. Және гуманитарлық көмек қоса алынады. Яғни мемлекет тарапынан түрлі көмек көзделген. Төлемдер мөлшері тұрғын үй немесе мүлікке келтірілген залал дәрежесіне байланысты, өлім-жітімнің болуына байланысты, нақты төлем мөлшері соған байланысты болып келеді. Әлеуметтік көмекті алу үшін өтінішті электронды үкімет порталы арқылы беруге болады.

РУЖАН ӘКІМЖАНОВА, «FREEDOM INSURANCE» СК МАМАНЫ:
— Жер сілкінісі, су тасқыны, дауыл, сел, бұршақ, қар көшкіні секілді табиғи апаттардан үй, пәтер, автокөлік сияқты мүлікті заттарды сақтандыруға болады. Саяжай, қора, монша, бассейн, су және газ құбыры да сақтандырылады. Бағалы құжаттар, зергерлік бұйымдар мен қолма-қол ақша сақтандыруға жатпайды. Сақтандыру сомасы келген шығынға байланысты. Мүлік толық зақымдалса, өтемақысы толық төленеді.
———————————————