Павлодар облысының қоғам белсенділері «Қаздар қонысы» табиғи ескерткішінің мәртебесін өзгертуді ұсынады. Палеонтологиялық нысанды зерттеп-зерделеген сарапшылар соңғы жиырма жылдықта Ертіс өзенінің суы аумақтың сүйекті қабатының үштен бірін шайып кеткенін анықтап отыр. Миллион жылдан бері сақтаулы тұрған ежелгі жан-жануарлардың қаңқаларынан толық айырылып қалмас үшін ең болмаса 400 метр жағалауды қоршау керек. Қоғам өкілдері біздің эрамызға дейінгі жәдігерлерді сақтау мақсатында «Қаздар қонысы» маңайындағы бөгетті нығайтуды сұрап отыр.
Ғалымдар 1928 жылы Ертістің бойынан ежелгі жануарлардың сүйектерін тапқан болатын. Ол өткен ғасырдың 30-жылдары терең зерттеле бастады. Ғасырлар бойғы сырды бүккен аумақ 2001 жылы ғана ерекше қорғауға алынды. Палеонтолог-ғалымдар 5 миллион жыл бұрын Павлодар облысының климаты мүлдем басқа және саванналар мен тоғайлы алқаптар болғаны айтады. Қазір Африканы мекендейтін жануарлардың 60 түрі осында тіршілік кешкен екен.
ВАЛЕНТИНА АЛИЯСОВА – МӘДЕНИЕТТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
— Бұл жерде керік, мүйізтұмсық, антилопа, піл секілді жануар көп болған. Негізгі мекендеуші ретінде гиппарион – үш аяқты жылқылар жайылған. «Қаздар қонысы» – ғылыми ізденушілер үшін қызықты алаң. Ғалымдар осы мекеннен табылған тың жаңалықтарымен әрдайым жарыса бөліседі. Әлемнің басқа бұрышынан гиппарион сүйектері табылса, міндетті түрде Павлодардағы қаңқалармен салыстырылады.
Сан ғасырлық тарихты қойнауына жасырған аумақ жағалаудың иіріміне тығылған географиялық орналасуымен де ерекшеленеді. Әлемде баламасы өте аз табиғи ескерткіштің ағынды сумен шайлып кету қаупі жоғары. Сарапшылар жуық арада бөгетті нығайту керектігін айтады. Ол үшін алдымен «Қаздар қонысы» аумағының мәртебесін өзгерту керек.
МАРИНА РЕГАТУНОВА – ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫ:
— Басты мәселе – біз ешқандай нығайту жұмыстарын бастай алмай отырмыз. Себебі бұл аумақ республикалық ерекше қорғауға жатады. Бірақ ескерткіш көз алдымызда құрдымға кетіп бара жатыр. Қазірдің өзінде 30%-інен айырылдық.
«Қаздар қонысы» иірімде иесіз жатпауы тиіс. Ол түрленіп, жаңғырып Павлодардың туристік брендіне айналуы тиіс. Қоғам белсенділері көне жәдігерге қызығатын әлем жұртын Ертістің бойына иіріп әкелуге болады дейді.
БӘКІР ДЕМЕУОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Бүгін біз қоғамдық кеңестің мүшелерімен және комиссия төрағасымен «Қаздар қонысы» орнына келіп отырмыз. Ерекше ескерткіш, тарихи маңызы зор ескерткіш. Ол еліміздің байлығы деп ойлаймын. Осыны сақтап, болашақ ұрпақтарға сақтап беріп жеткізіп, болашақта қандай жұмыстар жасауымыз керек, қандай іс-шара жасауымыз керек. Соны жақсартуға сол оймен келіп отырмыз.
Қоғам белсенділерінің бастамасын жергілікті билік қолдап отыр. Соңғы сөз экология министерлігінде болып тұр. Егер жағдай жуық арада реттелмесе, қазыналы мекен туралы тек ғылыми жинақ беттерінен ғана оқитын боламыз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.