«Қолжетімді интернет»: 3 мың ауылға жылдам желі тартылады

200 мыңдай ауыл тұрғыны интернеттің игілігін көре алмай отыр. Бүгін Сенатта елді мекендерді сапалы ғаламтормен қамту жайы талқыланды. Бұл мәселе қашан және қалай шешілмек? Жауапты министрліктің жауабы қандай?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ
— Интернет желісіне деген тапшылық еліміз де әлі бар. Қазақстанда – 6 мыңнан астам елді мекен болса, оның 5 мыңға жуығы кеңжолақты ғаламтормен қамтылған. Нақтырақ айтсақ, 2800-дей ауыл 3G, 2045 селолық округ 4G желісіне қосылған. Ал ғаламторсыз бір мыңнан астам ауыл бар. Мұнда 200 мыңдай адам тұрады. Сенатта өткен жиында депутаттар ауылдық мектептерде интернеттің әлсіз немесе мүлдем болмауы шәкірттердің сапалы білім алуына кедергі боп тұрғанын айтады. Бұл мәселенің өзектілігі әсіресе пандемия кезінде байқалды. Көптеген оқушы мен студент қашықтан оқу мүмкіндігін пайдана алмағаны белгілі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі түйткілді мәселені шешудің ұлттық жобасын әзірледі. Ол «Қолжетімді интернет» деп аталады. Мақсаты – халықты жылдамдығы ең кемі секундына 100 Мбит кең жолақты интернетпен қамту. Бұған сырттан 239 млрд теңге инвестиция тартылмақ. 3 мыңнан астам ауылда байланыс желілерін монтаждау жұмыстары жүргізілмек. Бұл 1 млн 200 мың адам интернетке қол жеткізеді деген сөз. Игі жоба аясында 5 мың 700-ге жуық мемлекеттік мекемеге жылдамдығы жоғары интернет тартылады.

Елімізде және де республикалық және облыстық автожолда мобильді интернетпен қамтуға да мән берілмек. Айтап айтқанда, жолдардың бойына 487 антенна – діңгек құрылысын орнату көзделген. Ұлттық жобаның тағы бір тетігі еліміздің жетуі қиын аймақтарындағы интернетті дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда «KazSat» ғарыштық байланыс арнасы еліміз бойынша ғаламторға 176 елдімекенді қосты. 2025 жылдың соңына дейін коммуникациясы қиын аудандарда орналасқан тағы 328 ауылдық жерді қосу межеленген. Осылайша, жауапты министрлік алдағы 2 жылда халықты жылдамдығы жоғары ғаламтормен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
———————————————