Абай облысы Мақаншы ауданына қарасты Келдімұрат ауылында медицина саласында бір ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Бұқашиндер әулеті тұрады. Бұл – ақ халатты абзал жандардың нағыз үлгісі. Әулеттің негізін қалаған Кенжебек Бұқашин бүгінде де ауыл халқына қызмет етуде.
Кенжебек Бұқашин медицина саласында қырық жылға жуық табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігер. Еңбек жолын педиатр мамандығынан бастаған ол, уақыт өте келе жалпы практика дәрігері атанып, халыққа қызмет көрсету аясын кеңейтті. Қазір ауылдағы емхананың меңгерушісі. Биыл зейнет демалысына шығуды жоспарлап отыр.
КЕНЖЕБЕК БҰҚАШИН — ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕ ДӘРІГЕРІ:
— Мен дәрігер мамандығын таңдағаныма өкінбеймін. Өйткені бала кезден дәрігер болуды армандадым. Облыстық олимпиадағы барғанда мені пединститутқа ұсынған. Пединституттың математика факультетіне. Бірақ өзім ойлана келе дәрігерлікті таңдап, Семей медицина институтына документ тапсырғанмын.
Кенжебек ағаның жұбайы Қайыргүл Сұлтанова да – ақ халатты абзал жан. Ол отыз жылдан астам уақыт бойы балалар мейірбикесі болып қызмет етіп келеді. Екеуі бір салада жүріп табысып, шаңырақ көтерген. Бүгінде төрт ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Балаларының екеуі ата-анасының жолын қуып, медицина саласында еңбек етіп жүр.
ҚАЙЫРГҮЛ СҰЛТАНОВА — БАЛАЛАР МЕЙІРБИКЕСІ:
— Медицина саласы жүрегіме жақын. Қазір балалармен жұмыс істеймін. Туа салысымен перзетханадан шыққан соң бес жасқа дейін менің қарамағымда болады. Ол бала қалай омырау емеді, қалай өседі, оның тек аяқ-қолының өсуі емес, баланың ішкі миының, бүкіл жан дүниесінің қызметін бірінші күннен бастап бақылаймыз.
Мақаншыдағы Келдімұрат ауылында 1500-ге жуық адам тұрады. Ауылдағы жалғыз емханада оннан аса медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетеді. Емханадағы жалғыз дәрігер – Кенжебек Бұқашин. Ауылдағы ағайын дәрігерлердің еңбегіне дән риза.
ҚАЙЧИКЕН ЖАЙЫҚОВА — КЕЛДІМҰРАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Дәрігерді үйге шақыртпаймын. Өзім келемін. Жоқ дегенде телефонмен кеңес сұраймын. Өздері сыйлап келгілері келсе келеді, әйтпесе өзім келемін. Бүкіл халыққа, үлкен-кішіге, бала-шағаға сыйлы да құрметті ұлағатты дәрігер. Кенжебек Мағауияұлының алдына келген адамға қойылған диагнозы қалаға барса солай анықталып келеді.
Келдімұрат ауылындағы Бұқашиндер әулеті – дәрігерлік қызметтің үздік үлгісі, ұрпақ сабақтастығы мен адал еңбектің символы. Олардың еңбегі мен өмір жолы – жас мамандарға бағыт, елге – мақтаныш.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.