Әлемде мұнай бағасы қайтадан қымбаттай бастады. Brent маркалы қара алтын құны бүгін 78 доллардан асты. Дәлірек айтқанда, Лондондағы биржада тамыз айына арналған фьючерс бағасы 1,83%-ға өсіп, 78,42 долларға жетті. Ал WTI маркалы мұнайдың бағасы 75,23 доллар болды. Мұндай жағдайға АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуылы әсер етті. Аймақтағы шиеленіске байланысты қазір Ислам республикасының билігі Парсы шығанағындағы Ормұз бұғазын жабу мәселесін қарастырып жатыр. «Егер тиісті шешім қабылданса, мұнай бағасы 110 доллардан асуы мүмкін», — дейді Goldman Sachs. Себебі дәл осы бұғаз арқылы әлемдік мұнай мен табиғи газ саудасының бестен бірі өтеді. Ал Қазақстан үшін мұнай бағасының өсуі оң өзгеріс саналады. Сол арқылы, бюджетке түсетін кіріс артып, ұлттық валюта нығая түседі. Еліміздің 2025 жылғы бюджетінде мұнай бағасы 75 доллар деп белгіленген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.