Сайрамдағы су тапшылығы: шаруалар шығынға батып жатыр

Түркістан облысында шаруалар дабыл қағып жатыр. Сайрам ауданында көкөніске су жетпей, өнімнің алды қураған. Ал суарылмаған картопқа құрт түсе бастаған. Шаруалар маңдай тердің жемісін жейтін уақытта шығынға баттық деп шырылдап отыр.
Тахиржан Нартаев бейнетінің нанын жеймін деген уақытта, керісінше шығынға баттық деп налиды. Тек бір емес, Сайрам ауданына қарасты бірнеше ауыл шаруаларының қазіргі жағдайы осы.

ТАХИРЖАН НАРТАЕВ, ШАРУА
— Осымен бала-шаға бағып отырмыз ғой. Қысымен тоқтаймыз, бала-шағамызға жегізейік деп еккенімізде, бізді судан қысып тұр. Бұл картоп 120 күндік, қазір бұл жерге 80-85 күн болды. Мысалы, ұрықтың өзін 400 теңгеден алғанбыз. Есептесеңіз, ұрықтың өзіне 1,5 млн теңге расход кетіп жатыр. Бұл жерде егуі, ұрықтың дәрісі, целитра, жұмысшылардың ақысы – оларды есептесеңіз банкрот. Көзбояушылық қой, соншама халық әрекет жасап шығады, қайтадан ашады да, халық кеткеннен кейін суды жауып қояды, дұрыс па сол енді?!

Су жетпеген соң, картоптың 50-60 пайызын құрт жеген деп шаруалар ашынып отыр. Құрттаған өнім не сатуға, не малға беруге жарамайды. Бұған дейін диқандар бірнеше рет шағымданған соң, егінге су жіберіліпті.

САБЫРЖАН ХАСАНТАЕВ, ШАРУА:
— Бізге су берсін! Түркістанға тастамасын, не болса да халық су ішсін! Әйтеуір шөп алсақ, малға береміз, бордақылаймыз, ол да халыққа ет. Көкөніс те халыққа, екінші жейтін нанымыз. Шөп еккендер 1-1,5 млн тг, ал картоп еккендер 2-3 млн теңгеге дейін шығын.

Ал әкімдік өкілдері биыл жалпы өңірде ағын су тапшы екенін айтып отыр. Сол себепті мамыр айынан бастап су арнайы бекітілген кестеге сәйкес беріліп отырған көрінеді. «Яғни әр төрт күн сайын шаруашылықтарға су беріліп отыр», — дейді жауаптылар.

ШУХРАТУЛЛА УБАЙДУЛЛАЕВ, САЙРАМ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 1 шілдеге дейін Арыс өзеніне суды жіберіп жатырмыз. Отырар, Ордабасы аудандарына су жетіспеуіне байланысты шаруаларға түсіндіріп, суды Арыс өзеніне жіберудеміз. Бүгінгі күнге барлық шаруаларға кеңінен түсіндіріліп, уақытша шара екенін, 1 шілдеден бастап, толығымен кестеге сәйкес аудан шаруаларына су жеткізетін боламыз.

Шаруалардың бір ғана талабы бар. Жауаптылар сөзінде тұрып, егінге тезірек тек су берсе екен дейді. Енді олар өнімнің қалған бөлігін аман алып қалуды ғана ойлап отыр.
———————————————