Президент амнистия туралы заңға қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай амнистия туралы заңға қол қойды. Бұл туралы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында белгілі болды. Рақымшылық жалпы 15 мыңнан астам адамды қамтиды. Мемлекет басшысының айтуынша, жаза мерзімін қысқарту бір реттік шара. Бұдан бөлек, президент елдегі қылмыстық-атқару жүйесін күрделі реформалау қажет екенін және ол сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға емес, қайта тәрбиелеуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Жалпы, соңғы 6 жылда Қазақстанда қылмыстық құқық бұзушылықтар саны екі есе азайған. Ал қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 80%-ға төмендеген. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қазіргі таңда қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау өте маңызды. Осы ретте президент үкіметке SIM-карталарды сату мәселесін реттеп, олардың таралуына қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
———————————————