Сәтбаев шенеунігі өз ауласын көгалдандырды

Бүгін – мемлекеттік қызметкер күні. Бірі есеп берсе, бірі айналасын көгертті. Сәтбаевта үйінің алдын өз қаражатымен көгалдандырып, «жасыл бастамамен» жұртқа үлгі болған шенеунік кім?
АМАНГЕЛДІ ҚҰРАҚБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Мемлекеттік қызметте жүргеннен кейін көбіне қарбалас болады. Таңның атысы, кештің батысы, бірақ мемлекеттік қызметші болған соң өзіңнің жұмысың ғана емес, осы қаланың да әр саласына атсалысу – азаматтық міндетіміз. Осында келгенде үнемі шашылып жатады. Содан бір күні қолымыздан келетін шаруаны істеп көрейік деп ойладым. Ондағы мақсат – тұрғындарды бірлікке шақыру. Бір күні кешке қарай құрал-сайманымызды алып шығып, жұмысты бастадық, көршілеріміз келіп қолдау білдірді. Бірлесіп ақша жинап, барлық керек-жарағымызды алып жерімізді қопарып егіп көрдік. Бұл жерде мүлде ештеңе егілмеген. «Еңбек түбі береке» дейді гой нәтижесі жаман емес, үмітіміз ақталды. Қазір, міне, жайқалып өсіп тұр.
ҚҰНДЫЗАЙ КӘРІМОВА, КӨРШІСІ:
— Мен де сол үйдің тұрғынымын, көршіміз бастаған бастаманы қолдап біз де атсалыстық. Нәтижесінде, ауламыз жасыл желекке айналды. Бұған, әрине, қуаныштымыз, аула көрікті, таза. Осыдан өзге аула тұрғындары да үлгі алып, Таза Қазақстанды қолдаса дейміз.
———————————————