Өнер тұнған Ұлытауда күй күмбірлеп, халық әні шырқалды. Қайта жанданған «Көкмайса – 2025» этно-фестивалі, қазақ мәдениетінің мәйегі мол мерекесімен қатар, жадынама шежіресі саналады. Көшпелі жұрттың жақұт-жауһары сақтаулы алтын сандық ашылып, ұлттық өнер ұлықталған шара өңірдің рухани брендіне айналғандай.
Ұлытау төрінде биыл 9 рет ұйымдастырылған «Көкмайса» фестивалі «Кымызмұрындық» театрландырылған қойылымымен бастау алды. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болған қымыз жинау дәстүрін көрсету барысында сусынның ағзаға пайдасы дәріптелді. Сондай-ақ ұлттық аспаптармен дәстүрлі әндерді орындайтын Жошы этно-фольклорлық топтың өнері де думанды шараның көркін қыздырды.
Фестиваль қатысушылары мен қонақтары бие байлау, сабаны хош иісті аршамен ыстау және тұщы қымызды ашыту тәсілдерін тамашалады. 500 литрдей ұлттық сусын даярланып, көпшілікке ұсынылды.
САНДУҒАШ ДҮЙСЕНБАЕВА – ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Аудан тұрғындары мен сырттан келген қонақтарға бұл керемет фестиваль. Аларымыз мол. Жақсыны көрмекеке дейді ғой. Киіз үйде тұрмыз, жан-жағымызда жыл сайын өткізілетін Көкмайсаның естелік фотоларын тамаладық. Осындай фестивальдар әрі қарай да жалғасын таба берсе деймін.
«Көкмайса» фестивалі – қолөнершілердің де тағатсыздана күтетін мерекесі. Этножәрмеңкеде республиканың түкпір-түкпірінен келген шеберлер иленген тері, түтілген жүн және ағаш пен темірден жасалынған бұйымдарын паш етті. Зергерлер бір-бірімен тәжірибе алмасып, көне тәсілдерімен бөлісті. Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен жазиралы кең даласы бейнеленген сурет көрмесі де фестиваль қонақтарының қызығушылығын тудырды. Әсіресе National Geographic журналының фотографы Дмитрий Ругистің туындылары таңдай қақтырды.
ДМИТРИЙ РУГИС, NATIONAL GEOGRAPHIC ЖУРНАЛЫНЫҢ ФОТОГРАФЫ:
— Ұлттық мәдениет, салт-сананы тереңірек тану менің сүйікті жұмысым. Мен Қазақстанның бай табиғаты мен тұрмыс-тіршілігін кадр бетіне түсіру үшін көп саяхаттаймын. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу болашақ ұрпақ үшін рухани қазына дер едім. Тарихы мен әдет-ғұрпын біліп өскен жастардан нағыз ұлтжанды азаматтар қалыптасып шығады.
Фестиваль барысында епті жігіттер жілік шағу, найза лақтыру, садақ ату және қошқар көтеру секілді ұлттық спорт түрлері бойынша сайысқа түсті. Қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері қайта жаңғырған тағылымы мол шара мәдени тұрғыда байытып, ұлттық рухты серпілтіп тастады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.