Сырты бүтін, іші түтін. Атырауда пайдалануға берілгеніне 5 жыл болған балабақша күрделі жөндеуге жабылды. Өйткені соңғы екі жылда- қабырғасы жарылып, кеңейе бастаған. Арнайы техникалық зерттеу жүргізген сарапшылар ғимарат бала түгілі, үлкенге қауіпті деген шешім шығарыпты.
Аружан Әлімжанова екі баласын үйге іргелес дәл осы балабақшаға тасыды. Алайда ғимарат күрделі жөндеуге жабылған.
АРУЖАН ӘЛІМЖАНОВА, ТҰРҒЫН:
— Екі баламды осы бөбекжайға әкеп жүргенмін. Енді жабылуы қиындық тудырып тұр. Екеуін де Жұмыскердегі бөбекжайға тасимыз. Қиын. Көлік те жоқ. Енді қыркүйекке дейін балабақша ашылса екен дейміз. Келіп жүргенде көрдік, баламыз үшін қорықтық.
Еркінқала ауылдық округіндегі жалғыз мектепке дейінгі білім беру мекемесі 2019 жылы ашылған. 290 орындық бөбекжайда бүлдіршін үшін барлық жағдай жасалған еді. Бірақ, соңғы екі жылда қабырғасы шөгіп, едені ашыла бастаған. Сылағы да түсіп жатыр. Қазір балабақша күрделі жөндеуге жабылып, тәрбиешілер еңбек демалысына кеткен.
ГҮЛБАНУ ҚОНАЕВА -№37 «БОЛАШАҚ» БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Техникалық сараптама жасаттық. Маманның айтуы бойынша, баланың қауіпсіздігі үшін баланы қабылдауға болмайды. Соны негізге ала отырып, 1 маусымнан бастап, қалалық білім бөлімінің шешімі бойынша қалыпты жағдайдағы жұмысын тоқтатты. Еңбек демалыс біткен соң, қалалық білім бөлімі басшысы қызметкерлерді, тәрбиешілерді жақын маңдағы бөбекжайларға орналыстырамыз деп отыр. 120-ға жуық бала осы жақын маңдағы балабақшаларға орныластырылды.
Ал құрылыс басқармасы мамандары өздеріне шаң жуытпай отыр. Ғимаратты қабылдап алған кезде мінсіз болды. «Бүлінген тұсын көрмедік де», -дейді.
КҮЛӘН ҚҰЛБАЕВА, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Пайдалануға ұстаушы мекеме астына су кетіріп алуы мүмкін. Оны білмейміз ғой, әртүрлі жағдайлар болады. Көбіне астына су кету жағдайынан болады. Пайдаланып жатқан кезде кәріз суы бар, ауыз суы бар, суаратын сулар бар жертөлеге түссе, сондай жағдайға алып келіп тудырады. Оны техникалық зерттеу ғана анықтай алады.
Балабақшаны күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Сондықтан құрылыс жұмыстарының қашан басталатыны белгісіз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.