Иран мен Израиль арасындағы қақтығысты тоқтату режимі жарияланды, бірақ тұрақтылық әлі орнаған жоқ. Екі тарап та бұл келісімді растағанымен, бірқатар халықаралық ақпарат құралы Израильдің Ираннан зымыран атылды деп мәлімдеп, жауап ретінде жаңа соққылар бергенін хабарлады. Иран бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Қатардағы қазақстандық туристер бүгін түнде түсірген видео. Доха аспанын дрондар жаулап алған. Бұл – Иран осы елдегі АҚШ-тың әскери әуебазасын зымыранмен атқан сәт. Оған куәгер болған туристер: «Түнді ұйқысыз өткіздік», — дейді.
БАЛЖАН БЕКМҰРАТ – ТУРИСТ:
— Кеше басымыздан зымырандар ұшты, алтауын көргендей болдым. Дауысы жер жарады. Қатты қорықтық. Біз бүгін елге қайтуымыз керек еді. Бірақ Эйр Астана рейстерді тоқтатты. Сондықтан бізбен бір уақытта келген туристің бәрін басқа қонақ үйге көшірмек. Әрі қарай не болатыны белгісіз.
Іле-шала Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріндегі Қазақстан азаматтарына үндеу жасады. Әсіресе Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген отандастарымызға сақтық шарасын ұстануды, адам көп жиналатын іс-шараларға қатысудан және әскери нысандарға жақындаудан аулақ болуды ұсынды. Көлік министрлігінің ақпараты бойынша, Доха мен Дубайдан 1 мың шақты адам елге қайта алмай отыр.
ЛӘЗЗАТ СТАМҒАЗИЕВА, КӨЛІК МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Қазіргі таңда бірқатар елдің әуе кеңістігі жабық болғандықтан, эскалация тұрғысында рейстер тоқтатылды. Бұл жағдай 1731 қазақстандыққа әсерін тигізіп тұр. Оның 683-і елден шығып, сол мемлекеттерде демаламын немесе саяхаттаймын деген ниетте. Ал 1 мыңнан астамы керісінше елге қайтуға ниетті. Сондықтан жақсы хабар болсын, негізі алдағы күндері осы рейстер қайта жанданады деген болжам бар.
Бүгін таңертең Қатар дипломатиясы мен Трамп командасы араағайындық жасап, Иран мен Израиль атысты тоқтату туралы келісімге келгендей болған. Ол туралы алғаш болып Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Артынша Израиль премьер-министрі Нетаньяхудың кеңсесі де мәлімдеме жасап, елдің әскери операция мақсаттарына қол жеткізгенін атап өтті. Алайда кейінірек Израильдің қорғаныс министрі Иранды зымыран атқаны үшін айыптап, қарымта соққы жасайтынын ескертті. Ал Тегеран болса бұл айыптаудың барлығын жоққа шығарып отыр.
ҒАЗИЗ ӘБІШЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
— Иран енді күрестің мәні жоқ екенін түсініп отыр. Бірақ қарсы әрекеттерін жалғастыра берсе, Израиль мен АҚШ коалициясынан әлдеқайда ауыр соққы алуы мүмкін. Менің ойымша, Иран өзге мемлекеттерден қандай да бір қолдау болады деп үміттенді. Алайда бір жайтты түсіну керек – Иранды қолдайтын риторикасына қарамастан, Ресей, Қытай мен Пәкістан сынды ядролық держава елдер ядролық клубтың кеңейгенін қаламайды және ядролық қарудың таралуына қарсы.
Кейбір сарапшы бұл келісімді уақытша әрі шартты деп бағалаған. Аймақтағы жағдай тұрақсыз күйінде қалып отыр, әрі қақтығыс кез келген сәтте қайта жандануы мүмкін деген болжамдар да бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.