Тараз қаласындағы Жеңіс саябағында жиырмаға жуық аттракцион тиісті рұқсат құжаттарсыз жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде құны 80 миллион теңге тұратын алып шолу дөңгелегі де бар. Осыдан 6 жыл бұрын «Жасыл ел Тараз» коммуналдық қызметі жергілікті кәсіпкерге 2 гектардан астам жер телімін бірнеше жылға жалға берген. Кейін бұл келісімнің заңсыз екені анықталып, учаске мемлекет меншігіне қайтарылған. Соған қарамастан, кәсіпкер аттракциондарды пайдалануды тоқтатпаған. Ескерту хаттарын да елемеген. Осыған байланысты жергілікті билік сотқа жүгініп отыр.
НҰРСҰЛТАН ИСАБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ағымдағы жылдың наурыз айында шолу дөңгелегінің құрылысы басталды. Біз әкімдік пен жергілікті полиция тарапынан үш рет ауызша және жазбаша ескерту жасап, жеке кәсіпкерге түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Құрылысы заңсыз екенін, жер телімі мемлекеттікі екені және бұл құрылыстарға заңды құрылыс нормаларына сәйкес рұқсат алынуы керектігі туралы ескертілді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.