Таяу Шығыста тағы да тыныштық бұзылды. Израиль тосыннан Иран аумағына зымыран төпелетті. Ал Африкада тосын мінезді табиғат танытып жатыр. Соның салдарынан ондаған тұрғын опат болды. Үндістандағы апаттан 300-ге жуық азамат ажал құшты.
Израиль әскері Иранның Тегеран, Натанз секілді бірнеше қаласына тосыннан шабуыл жасады. Адуынды Арыстан деп аталатын операция барысында еврей армиясы ядролық нысандар мен зымыран зауыттарды нысанаға алған. Ел астанасындағы Ислам революциясы сақшыларының бас кеңсесіне де соққы жасалған. Соның салдарынан әскери басшы Хоссейн Салами қаза тапқан. Бейбіт тұрғындар арасында да бақилық болғандар бар. Ресми Тель-Авив бұл шабуыл Ираннан төнген қауіпке байланысты жасалғанын айтады. Яғни Ислам республикасы 15 ядролық оқтұмсық жасауға жететін байытылған уран қорын жинап үлгерген. Енді Иран билігі Израильге қарымта қайтаруға бекініп отыр.
ЙЫЛМАЗ АКЫНДЖИ, AL JAZEERA ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ӘСКЕРИ ШОЛУШЫСЫ:
— Иран қалай жауап береді? Ол үшін үлкен дайындық керек. Осы жерде бір нәрсені ұмытпаған жөн. Иран мен Израильдің арасы мың шақырым. Ислам Республикасында Израиль секілді алыс қашықтыққа соққы жасай алатын жоғары технология жоқ. Бір өкініштісі, Иран ядролық бағдарлама бойынша Еуропа мен АҚШ-пен келіссөздер жүргізіп, ымыраға келуге тырысып жатқан еді. Ал шабуыл аймақты тұрақсыздандырып, бейбітшілік процесін бұзып жіберуге тікелей кесірін тигізуі мүмкін.
Қазір Иранда төтенше жағдай режимі жарияланған. Әуе кеңістігі жабық. Осыған байланысты көптеген әуе компаниясы Иран көшін айналып ұша бастады. Олардың қатарында Air Astana мен FlyArystan да бар. Ал Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі отандастарымызды жергілікті биліктің нұсқауларын қатаң сақтауға, жаңалықтарды бақылауға және елшілікпен үнемі байланыста болуға үндеді.
Үндістанда – ұлттық аза тұту күні жарияланды. Оған Boeing ұшағының апатқа ұшырауы себеп. Соның салдарынан кеше 300-ге жуық адам опат болды. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, апат кезінде бортта 242 адам болған. Оның 230-ы жолаушы, 2-і ұшқыш, қалған 10-ы экипаж мүшесі. Соның ішінде тек бір адамды періштесі қағып, аман қалған. Ұлыбритания азаматы қазір ауруханада. Кеше Ахмедабад қаласынан Лондонға бет алған «Боинг-787» әуе көлігі жерден көкке көтеріле алмай, бірер секунд ішінде медициналық колледж жатақханасының үстіне құлап, отқа оранған болатын. Қайғылы оқиғаның нақты себептері әзірге белгісіз. Болжам бойынша – апатқа қозғалтқыштың істен шығуы немесе ауыр техникалық ақау болуы мүмкін. Қазір «қара жәшік» жіті зерттеліп жатыр.
Ал Оңтүстік Африка Республикасы табиғаттың тосын мінезімен арпалысып әлек. Осы уақытқа дейін 60-қа жуық адам алапат су тасқыны мен қалың қардың құрбаны болды. Жергілікті билік өкілдері қаралы тізім өсуі мүмкін дейді. Өйткені үшті-күйлі жоғалып, табылмай жатқандар бар. Әсіресе Шығыс Каап провинциясында жағдай күрделі. Бүлінген үй көп. Мыңдаған тұрғын жарықсыз отыр. Құтқарушылар мен әскерилер күні-түні тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Ал синоптиктер аймақтағы қолайсыз күн райы әлі де сақталатынын айтады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.