Жетісу облысында селден қорғайтын бөгет құрылысы қолға алынды

Жетісу облысындағы Суптай ауылын селден қорғайтын бөгет құрылысы қолға алынды. Себебі елді мекен қауіпті аймақта орналасқан. Жыл сайын Жоңғар Алатауының күнгейінен ағатын Тышқан өзені көктем мен күзде арнасынан асып, халықты әбігерге салады. Ал осыдан жеті жыл бұрын осы ауылға су кіріп, тұрғындардың үрейін қашырған. Мыңнан аса тұрғыны бар Суптайды тосын апаттан сақтап қалу үшін облыс бюджетінен 600 млн-ға жуық теңге бөлінді. Ауыл сыртынан берік дамбы көтеріліп, бекітіліп жатыр. Мұнан бөлек, канал да қазылып қойды. Мердігерлер жұмысты күзге дейін аяқтамақ.
БЕРІК АШҚЫНБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— 28 сәуір басталды. Қазіргі таңда дамбының 70 пайызы салынды. Дамбы деген мынау. Сетканың 610 метрі қойылды, ішіне тас салынды. 16 адам, 12 техника жұмылдырылған.
БОЛАТХАН САДЫҚҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Мен өзім осы ауылда тұрғаныма елу жыл болды. Шет көшеде тұрамын. Су көбіне көктемде келеді. Барлық ауыл тұрғыны қуанышты. Дамбыны енді қауіпсіз өмір сүреміз деп ойлаймын енді.
———————————————