Ертең – дүниежүзілік қан доноры күні. Осыған орай тілшіміз елордадағы қан орталығына барып, қан тапсырды. Жалпы елімізде қанша донор бар?
Қан тапсырып, адам өмірін бірге сақтаймыз. Бүгін елордада дәл осындай атаумен дүниежүзілік донор күні бастау алды. Ең алғашқы келгендердің бірі тұрақты донор – Тасқын Бабақұмаров.
ТАСҚЫН БАБАҚҰМАРОВ – ДОНОР:
— Мен өзім дәрігермін және дәрігерлік салада жұмыс істегендіктен, апатты жағдайлар болғанда немесе басқа да қиын жағдайлар болғанда қанның маңыздылығын өзім түсінемін. Сондықтан келіп тапысырамын.
ОЛЕСЯ ТАРАНОВА – ДОНОР:
— Менде екінші қан тобы, 2 балам бар, 10 жылдан бері донормын. Қан тапсырғаннан кейін деңсаулығым жақсарады, ал менің қаным біреудің өмірін сақтап қалатын болса өте қуаныштымын.
Күнделікті тәртіпті қадағалайтын полиция қызметкерлері де осы арадан табылды.
АЙДАРБЕК МЕЙІРХАНОВ – ПОЛИЦИЯ КАПИТАНЫ /ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ/:
— Жұмыс бабында жол апаттарын көп көреміз, адамдар көп қан жоғалтып жатады, сондықтан өзімнің азаматтық борышым санаймын. 2015 жылдан бері тапсырамын.
СЫРНАЙ ЖАНАТХАН – ТІЛШІ:
— Дәл қазір алғаш рет қан тапсырамын. Сәл қобалжу бар, бірақ дәрігерлер айтқандай, одан да қорқыныштысы – шұғыл жағдайда қан жетіспеуі не мүлде табылмай қалуы.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы кезде қан тапсырушы қатары көбейіп келеді. Ал қан тапсыруышылардың жартысынан көбі ер адамдар. Донор болуға 31-51 жас аралығындағы азаматтар көбірек ниет білдіреді.
АЙГЕРІМ САҒАМБАЕВА, ТҒӨО БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Жалпы 2024 жылы бойынша айтып кетсек, бізде 31 мың донор қан тапсырған. Ақылы донорлар 8-ақ пайызды құрайды, ол көбіне теріс құрамды қан топтары, өйткені олардың саны өте аз. Сұранысқа ие болып тұрады, ал 92 пайызы бізде ақысыз түрдегі донорлар.
Ел ішінде үнемі қан тапсыратын тұрақты донорлар да бар. «Олардың саны жыл санап артып келеді», — дейді дәрігерлер. Мәселен, биыл Астанада 29 адам құрметті донор марапатына ие болған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.