Жамбыл облысына қарасты Мойынқұм ауданында екі ағайынды сотталды. Олар 12 жастағы туысқан қарындасын алты жыл бойы зорлап келген. Сот біреуін өмір бойына, екіншісін 20 жылға бас бостандығынан айырды. Сорақысы сол, жасөспірім 13 жасында өзін зорлаған ағаларынан бала туған.
ӨГЕЙ ӘКЕ ӨЗЕККЕ ТЕПТІ
Ақтауда 16 жастағы қызды өгей әкесі таяқтың астына алған. Жұдырығы жуан азамат жасөспірімді көшеге шашынан сүйреп шығарып, жұрттың көзінше сабаған. Қыз баланың миы шайқалып, бет-аузы көгерген. Қазір ол ауруханада емделіп жатыр. Полиция «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғады.
АВТОБУС АПАТҚА ҰШЫРАДЫ
Елорда іргесіндегі Қараөткел ауылында автобус «Камаз» жүк көлігімен соқтығысты. Жол апатына автобус жүргізушісі кінәлі болуы мүмкін. Оның үстінен әкімшілік іс қозғалды. Зардап шеккендер жоқ, автобус бос болған.
ЗАҢСЫЗ БОНУС
Шымкентте «Ордабасы» футбол клубының ойыншыларына 2,3 миллиард теңге заңсыз бонус берілген. Прокуратураның мәліметінше, кейбір шетелдік спортшыларға ресми түрде ай сайын 2 миллион теңге жалақы төленген. Одан бөлек, 21 футболшыға ай сайын 18 миллион теңгеге дейін қосымша бонус ақша аударылған. Қазір билікті асыра пайдалану бабымен қылмыстық іс тергеліп жатыр.
ХАЙНАНЬДАҒЫ ТАЙФУН
Демалуға барғандар дүлей тайфунға тап болды. Қытайдың Хайнань аралында тынығып жатқан қазақстандықтар елге қайта алмай отыр. Рейс жоқ. Ал қонақ үйде тұру уақыты аяқталғандар далада түнейтін болдық, деп дабыл қағып жатыр. Тайфунның қуаты 10-12 баллға жеткен. Табиғи құбылыстың қашан бәсеңдейтіні белгісіз. Бейресми деректерге сай, қонақ үйлердің бірінде 35 қазақстандық тұрып жатыр. Басқа қонақ үйлерде қанша отандық турист бар екені беймәлім.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.