Жастар суға кетіп жатыр. Қарағандыда бір жасөспірім, ал Өскеменде бір студент суға батып кетті. «Бұған, ең алдымен, белгіленбеген жерде шомылу және құтқарушы тапшылығы себеп», — дейді мамандар.
Шомылу маусымы басталғанына екі аптадай уақыт болды. Осы аралықта еліміз бойынша 18 адам батып кеткен. Оның 7-і – бала. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда болған. Қарғандыда 16 жасар оқушы арнайы жабдықталмаған жерде суға түсіп, қайтыс болды.
ЕРАСЫЛ САЙПАШ, ТЖБ БАСШЫСЫ:
— Суға батып кеткен бала жүзе алмайды. Төтенше жағдайлар департаменті кезекті мәрте қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігін ескертеді. Тек рұқсат етліген жерлерде ғана шомылып, түн мезгілнде көлге түсуден аулақ жүрген дұрыс.
Шығыс Қазақстан облысында да шомылу маусымы басталғалы қайғылы оқиғалар жиілеген. Өткен аптада студент бала тілсіз жаудың құрбаны болды. Жекеменшік жағажайда құтқарушы қат. Ал демалыс орындарының иелері оларды жұмысқа қабылдауға құлықсыз. «Осылайша, қауіпсіздік мәселесіне аттүсті қарап отыр», — деп дабыл қағуда төтенше жағдай қызметкерлері. «Құтқарушыларды тегін оқытуға ниеттіміз, бірақ кәсіпкерлер аса ынталы емес», — дейді. Бүгінгі таңда құтқару жасақтары Бұқтырма су қоймасындағы муниципалды жағажайға ғана қызмет көрсетеді.
НҰРЖАН ҚАНАПИН — ЖАҢА БҰҚТЫРМА АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Біз мамандарды осы демалыс орындарында оқыту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда бақылау бекеті болды. Онда қауіпсіздік барынша қамтамасыз етіледі. Шомылу маусымы басталғалы патрульдік қадағалау күшейтілді.
Елімізде 722 жағажай бар. Оның дені – жекеменшік. Шомылуға тыйым салынған 5 мың қауіпті орын мен 133 мың су айдыны бар. Олардың барлығын дерлік құтқарушылармен қамту мүмкін емес. Төтенше жағдай мамандары су айдындарына рейд шараларын күшейткен.
МАРАТ АМАНТАЙ — ТЖМ БАС МАМАНЫ:
— Мобильді бекеттер орналастырылған. 27 мыңнан астам рейдтік шаралар жүргізілді.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Құтқарушылар қанша мәрте ескерткенімен жағажайлар да қауіпсіздік ережелерін елемейтіндер аз емес. Рұқсат етілмеген жерлерде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйінде шомылу. Биылдың өзінде осындай қауіпсіздік ережелерін бұзған 500 адам айыппұл арқалап, 27 мың теңге төледі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.