Тұрғын үй аулаларына шлагбаум қажет – тұрғындар шағымы

Соңғы кездері ел аумағындағы тұрғын үйлердің ауласы қауіпті бола бастады. Алаңғасар жүргізуші көбейді. Бұған бала ойнайтын жерге көліктің емін-еркін кіріп-шығуы себеп. Сондықтан ата-аналар барлық ауланы қауіпсіз етудің жолын іздеп жатыр. Бұл мәселені шешу, әсіресе Сәтбаев сынды шағын қалаларда қиынға соғып отыр. Өйткені аулада шлагбаум орнатудың өз ережесі бар. Көршілердің келісімі, әкімдік талабы мен заңнамалық шарттар ескерілу тиіс.
Қосшыдағы оқиға сәуірде болған еді. Тұрғын үй ауласында ойнап жүрген 2 жасар қыз баланы көлік қақты. Рулде болған әйел бүлдіршінді байқамай қалған. Ал мынау Алматы көшелеріндегі көрініс. Көпқабатты үйдің кіре-берісінен жүгіріп шыққан 7 жастағы баланы көлік қағады. Жеткіншек тірі, періштесі қаққан. Астанада велосипед теуіп жүрген алты жасар бала абайсызда жүк көлігінің астына түсіп кеткен оқиға да ел есінде. Бала сол жерде көз жұмған еді.

Осындай қайғылы оқиғаларға алаңдаған Сәтбаев тұрғындары аулаларда шлагбаум орнату қажет деп санайды. Өйткені қалада жабық аула сақсаупен санарлық.

МАҚСАТ ДҮКЕНБАЙ, ММИБ ТӨРАҒАСЫ:
— Шлагбаум орнату бұл жай ғана техникалық мәселе емес, бұл – заң жүзінде маңызды әрекет. Және оны орнату заңнаманы нақты сақтауды талап етеді. Шлагбаумды заңды түрде орнату үшін көпқабатты үйдегі пәтер иелерінің кем дегенде үштен екісінің жазбаша келісімі қажет.

Көпшіліктің келісімінсіз және тиісті нормативтік талаптарды сақтамай тосқауыл орнату заңдық тұрғыда жауапкершілікке алып келуі мүмкін екенін заңгерлер де растап отыр.

ЕВГЕНИЙ ЯВОРСКИЙ, ЗАҢГЕР:
— Егер ол заңсыз әрі талапқа сай емес орнатылса 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Аула – ортақ қолданыстағы жер. Тосқауылдың әрдайым ашып-жабылуына жауапты адам болуы тиіс.

ЖАНБОЛАТ ЖАҚСЫЛЫКОВ, ТЖ БӨЛІМ ИНЖЕНЕРІ:
— Ғимарат немесе кешен алдына орнатылған тосқауыл, дарбаза және қоршаудың бекіту және ашу жүйесі іркіліссіз жұмыс істеуі керек. Төтенше жағдайлар қызметінің арнайы көліктері кедергісіз кіре алуы тиіс. Тосқауылдар қолмен де ашып-жабылатындай болуы шарт. Тәулік бойы кезекшілік бекеті болғаны дұрыс.

Демек, аулаға шлагбаум орнату үшін біраз табалдырықты тоздыруға туралы келеді. Дегенмен, ата-аналар ауланы қауіпсіз етіп, балалардың алаңсыз ойнауы үшін барын салуға дайын екендіктерін айтады.
———————————————