Петропавл – Жезқазған трассасының тоз-тозы шыққан

Петропавлдан Жезқазғанға қатынайтын жүргізушілер жанын шүберекке түйіп жүреді. Өйткені бұл бағыттағы трассаның сапасы сын көтермейді. Жол 20 жылға жуық жамала бергендіктен, әбден тоз-тозы шыққан. Биыл жауапты сала өкілдері оның 200-ден астам шақырымын тегістеп, ретке келтіреміз отыр. Жөндеу қашан аяқталады?
Бұл – «Петропавл – Жезқазған» бағытындағы республикалық трасса. Өткен ғасырда салынған жол Ұлытау, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысын байланыстырады. Теріскей аумағында соңғы рет оған 2005 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Содан кейін тек жамалып келген.

САНАТ ЖАҚЫПОВ – ЖҮРГІЗУШІ:
— Жолдың сапасы өте нашар. Бүлініп қалған. Қазір бір барып келген соң міндетті түрде көлігімізді жөндетеміз. Жол былтыр жартылай жөнделді. Оның өзінде көп жүретіндер айтып жатыр ғой, сапасыздау. Талап ететініміз, бір жақсы жол салып берсе екен деп ойлаймыз. Тақтайдай қылып.

Бұл трассада қозғалыс көп. Шамамен тәулігіне төрт мыңға жуық көлік әрлі-берлі қатынайды. Сапасыз жолдың кесірінен жүргізушілер уақыт жоғалтады. Ойдым-ойдым жол жұртты сергелдеңге салғаны рас.

НҰРЖАН МИСЕЛЕВ – ЖҮРГІЗУШІ:
— Салықты уақытында төлейміз. Бірақ жол жоқ. Жеке өзім көлігімді соңғы екі жылда үш мәрте жөндеттім. Дөңгелектерінде бірнеше рет ауыстырдым. Мұның барлығы тап-таза шығын ғой.

«ҚазАвтоЖол» мамандарының айтуынша, биыл өңірде бұл трассаның 217 шақырымы тегістеледі. Қазір проблемалық учаскелерде жұмыс қарқын алды. Сәтін салса, бар іс қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ – «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ» АҚ СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Орташа жөндеу жұмыстарын атқарып жатырмыз. Ол бізде 7 мердігер компания осы участоктар бойынша. Бізде енді екі қабатты асфальтобетон жамылғысы болады. Основаниесі енді ресайклированиимен болады, 20 сантиметр. Автопавильиондар ауыстырылады. Бүкіл жол белгілерін ауыстырамыз.

Облыста республикалық жолдың жалпы ұзындығы – 1970 шақырым. Оның 83 проценті бүгінде қанағаттанарлық жағдайда. Биыл аймақта маңызды деген төрт жоба жүзеге асып жатыр. Ол үшін ел қазынасынан 37 миллиард теңге бағытталды.
———————————————