Таразда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған иппотерапияға бейімделген жабық манеждің құрылысы төрт жылдан бері аяқталмай тұр. Құрылыс демеушілер есебінен басталғанымен, тек қабырғасы көтеріліп, одан әрі жұмыс тоқтап қалған. Нысан қазір қараусыз қалып, шөп басып кеткен. Осыған байланысты 40-тан астам бала ат терапиясын тек жылы мезгілде ғана өте алады. Ал қыстың күні балалар арнайы емді тоқтатып қойып, үйде қамалып отыруға мәжбүр. Жабық манеж салынып бітсе, онда екі жарым есе көп бала ем алар еді. Тараздық шенеуніктердің айтуынша, жоба 2023 жылы дайындалғанымен, жергілікті бюджеттен қаржы табылмаған. Құжаттар биыл қайта тапсырылған. Бірақ құрылыс қашан жанданатыны белгісіз. Бәрі қаржының бөлінуіне байланысты.
РАУШАН ДЕРБІСӘЛИЕВА — ТАРАЗ ТҰРҒЫНЫ:
— Балаларға пайдасы өте зор, агрессиясын тыныштандырады, энергия алады. Иппотерапияға тек маусымдық кезеңде келеміз, қыс кезінде тоқтап қалады, сол себептен бізге қыс кезінде де жаттығатын арнайы жабық орын салынса деген үміттеміз…
ДӘУРЕН СӘДУАҚАСОВ, ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
— Сметалық құны 931 млн құрайды. Облыстық және қалалық бюджетке бюджеттік өтінім берілді. Қаржы бөлінген жағдайда құрылыс әрі қарай жалғасады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.