Үшінші мегаполисте Shymkent Usta Fest шарасы қыза түсті. Фестивальге- ағаштан түйін түйген ұсталар қатысып жатыр. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға әлемнің әр түкпірінен он саусағынан бал тамған шеберлер жиналды. Олар алты күн бойы сайысып, қаймана жұртқа ғажап туындыларын ұсынбақ.
62 жастағы Эдуард Толсултанов шәкіртімен бірге жылқы мен бүркіттің мүсінін тұтас ағаштан ойып жасап жатыр. Қазір жұмыстың нағыз қызған кезеңі. Бірі ағашты аралап пішін берсе, екіншісі мүсіннің дұрыс өлшемін шығарып жатыр.
ЭДУАРД ТОЛСУЛТАНОВ – ҚАТЫСУШЫ:
— Біз негізі Ресейден 4 адам келдік. Екі командада жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы мұнда 10 команда бар. Жергілікті қатысушылар да бар. Бізді осы фестивальге «ең үздіктер» деп жинап алып келді. Жалпы Қазақстанға алғаш келуіміз. Шымкент әдемі қала екен, халқы тыныш. Бізге ұнап жатыр.
Мұнда Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы және Қазақстанның бірнеше өңірінен шеберлер жиналған. 20 адамнан тұратын 10 топ ел символдары, эпос-ертегі кейіпкерлері немесе ұлттық туындыларды 6 күн ішінде жасап шығарады.
МҰРАТӘЛІ ӨТЕУЛІҰЛЫ – ҚАТЫСУШЫ:
— «Қорқыттың күйі» дейтін жұмыс бұл. Аңыз бойынша түркі елдері: «Бөріден тарағанбыз», — дейді. Одан кейін құс «сақ, ғұнның» белгісі, одан кейін төрт құбыла және мына жерде қырғилар. Бұл жерде «қазақ қайдан шықты» деген ғой. Қорқыт соны күй қылып тартады. Портреттік көрініс.
Ел аумағында алғаш рет өткізіліп отырған Usta Fest жобасы шеберлердің басын қосып қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуанышына айналды. Қатысушыларға қолдау білдіруге келіп жатқандар аз емес.
Қазір Арбат алаңы қолөнер шеберлерінің орталығына айналды. Ұсталар тек тарихтан сыр шертетін тың туынды жасамайды, осы 6 күн ішінде жергілікті жастарды ағаш өнеріне де баулиды.
САПАР ӘМІРХАНҰЛЫ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
— Келіп жатқан студенттер қол араларымен танысып, қалай жұмыс істеу керегін көріп, біліп жатыр. Арбатқа келіп жатқан көрерменнің бәрі қызығып, суретке түсіріп, қызығушылық танытып отыр. Мұны дәстүрге алып, келесі жылдары да басқа қалаларда өткізуді мақсат етіп отырмыз.
Ал шеберлер ойып, түрлі мүсін жасап жатқан тұтас ағаштарды Ресейден арнайы алып келіпті. Себебі бұл ағаштар жүздеген жыл бойы сыр бермейді деседі. Ал фестиваль аясында жасалған 10-нан астам мүсіндік композиция Шымкент қаласының әр жеріне қойылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.