Таксист өлімі: Петропавлда жүргізушілер дабыл түймесін талап етуде

Петропавлдық жүргізушілер такси қызметін ұйымдастыратын компаниялардан дабыл түймесін қайтаруды талап етуде. Себебі олар өз өмірі үшін алаңдаулы. Жуырда ғана облыс орталығында 60 жастағы жүргізуші жолаушыдан оңбай таяқ жеп, ауруханада мерт болды. Осыған байланысты теріскейліктер бүгінде көліктеріне қара лента байлап, жеті күн бойы аза тұтпақ.
60 жастағы такси жүргізушісі «Ойқала» шағын ауданынан екі жолаушыны мінгізеді. Көлік ішінде олардың бірі темекі шекпек болған. Ескерту жасаған кезде жанжал туындап, арты төбелеске ұласады. Салдарынан егде азамат асфальтқа басымен құлап, ауыр жарақат алған. Бірнеше күн дәрігерлердің жіті бақылауында болғанымен, сол күйі тілге келмей көз жұмады.

АЗАМАТ БЕКТҰРҒАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПБ ТЕРГЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Осы оқиғаға қатысты 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны ұсталып, қамалды. Қазір сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жаға ұстатардық жағдайдан кейін қаладағы такси жүргізушілері көлікке жаппай қара лента байлап, апаттық шамдарын қосып жүруге көшті. Осылайша олар бір апта бойы аза тұтпақ. Таксиді кәсіп еткен Айымгүл Қазбекова да қазір өз өмірі үшін алаңдаулы. Сондықтан мұндай қайғылы жағдай қайталанбас үшін дабыл батырмасын енгізуді талап етуде.

АЙЫМГҮЛ ҚАЗБЕКОВА – ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:
— Мына жағдайдан кейін бәріміз қорқып қалғанымыз рас. Көбіміз түнгі уақытта жұмыс істейміз. Сондықтан кез келген жағдай болуы мүмкін. Менің үш балам бар. Ертең үйге оралмай қалсам ше? Сондықтан біздің қауіп-қатерден қорғайтын дабыл батырмасын қайтарсын. Біздің басты таламыз осы.

Қаладағы диспечерлік орталық өкілдері дабыл батырмасы бойынша камераға сұқбат беруден бас тартты. Жалпы былтыр өңірде полицияға 40-тан астам такси жүргізушісі арызданған. Ал биыл 17 шағым түскен. Олардың дені жол ақысын төлеуден бас тартуға байланысты. Амалы таусылып, қауіпсіздігіне алаңдаған жүргізушілер енді таксопарк иелеріне ұжымдық хат жазбақ. Мақсат – дабыл түймесін қайтару.
———————————————