Шымкентте автобус жүргізушісі жолақы төлеуді ескерткені үшін таяқ жеді. Ол есін жедел жәрдем көлігінде жиған. Оқиға жұмыс күні аяқталуға жақын қалғанда болған. «Соңғы аялдаманың бірінен мінген жігіттің жолақысын төлемегенін планшеттен көріп отырдым», — дейді. Сөйтіп, жігітке төлем туралы ескертіпті. Ал ол жолақысын төлеп, жүргізушіге балағат сөздер айтып, сыртқа шығуын сұраған. Жүргізуші көліктен түскен сәтте жігіттің сыртта тұрған тағы үш танысы қосыла жабылған көрінеді. Жәбірленуші бастапқыда жансақтау бөліміне түскен, қазір жалпы палатада емделіп жатыр. Төбелесті бастаған жігіт екі айға қамауға алынды.
МАҚСАТ ЖОЛАЕВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІ:
— Біреуі басымнан балғамен ұрады. Біреуі қолындағы кастетпен жағымнан ұрады, жағым жыртылып кетті. Сонымен талдым, не болғанын білмеймін… Үшеуі ұрды ма, сол үшеуі жазалансын! Автобустың жүргізушісін ұруға болмайды деген қазір заң бар. Сол заңды біле тұра олар ұрды. Олар мені рульде отырған кезде ұрмақшы болған негізі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.