Сұрағы көп, жауабы жоқ қасірет. Жыл басында бауыр еті баласынан айырылған Жезқазған тұрғыны оған медицина қызметкерлері кінәлі деп отыр. Қайғыдан қан жұтқан әйел дәрігерлердің салғыртттығын дәлелдеймін деп жарты жылдан бері құқық қорғау органдарын жағалап жүр. Бірақ арызданушының айтуынша, іс өз деңгейінде қаралмай, тергеу бір орында тұрып қалған көрінеді.
Ағымдағы жылдың 2 қаңтарында Светлана Велиеваның 2 жасқа жақындаған баласы ауруханада шетінеп кетті. Ананың жүрегін қарс айырған ауыр қаза күтпеген жерден болды. Ауруханаға сәл тұмауратып түскен қаршадай қыздың жағдайы уақыт өткен сайын ауырлай берген. Бірнеше күннен кейін пневмония диагнозы қойылып, бүлдіршін жансақтау бөліміне жатқызылады. Сол жерде жас ғұмыр үзілді.
СВЕТЛАНА ВЕЛИЕВА – ЖЕЗҚАЗҒАН ТҰРҒЫНЫ:
— Бізді алдымен аурухананың лор бөлімшесіне жатқызды. 2 күннен кейін баланың өкпесі қабынған деп жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтық. Аурудың бұлай тез асқынуы мүмкін емес жағдай деп санаймын. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияға қаралғанымызда дәрігер баланың өкпесі таза деген болатын. Қызуы көтерілу мен ауырсыну тіске байланысты деп бізді қайтарды.
Каролина – отбасы мүшелері ұзақ күткен екінші сәби еді. 2 жасқа толған туған күнін атап өтеміз деп жүргенде орны толмас қайғыға душар болды. Қызынан қапыда айырылған анасы оқиғаның мән-жайын білгісі келеді. Дәрігерлер жауаптылығын анықтау үшін денсаулық сақтау басқармасы, полиция және прокуратураға арыз-шағым түсірген.
СВЕТЛАНА ВЕЛИЕВА – ЖЕЗҚАЗҒАН ТҰРҒЫНЫ:
— Біз баламызбен бірге қаралып, емделген барлық медициналық ұйымды тексеруді талап етеміз. Дәрігерлер салғырттығы анықталса, жазасыз қалмауы керек. Басқа балалар мен ата-аналар біздің күйімізді кешпес үшін заңды әрі әділ шешімдер қабылдануы тиіс.
Жезқазған ауруханасы балалар хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі науқас түскен уақыттан қажет ем-дом жасалғанын айтады. Телемедицина платформасы арқылы білікті мамандармен шұғыл консилиум өткізілді. Дәрігерлер ем-шараға қарамастан бала ағзасы әлсірей берді деп отыр.
ДАНИЯР АМАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Баланы қарау барысында пневмония анықталды. Дереу жансақтау бөліміне ауыстырып, Астанадағы дәрігерлермен телемедицина арқылы байланыстық. Өңеш пен көмей және жұтқыншақты дренаждауға кірістік. Бірақ бала оңалмады. Астана дәрігерлерінен қайтадан кеңес сұрап, дренажды қайталау нұсқауы берілді. Қарқынды ем-шара жүргізілгенімен бала өмірін сақтап қала алмадық.
Кейіннен бала бойында туа бітті киста болғаны анықталды. Мамандардың айтуынша, ем-домның қонбауына сол кедергі болған көрінеді. Алайда Каролинаның отбасы бұл пікірмен келіспейді. Өз ісіне салғырт қарап, бала өліміне себепші болғандарды жауапқа тарту жолында жоғарғы инстанцияларға арызданамыз деп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.