Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың киік беру туралы шешім қабылдады. Бұл Қытайдың батыс бөлігінде жерсіндірілетін ақбөкендер көрші елдегі осы жануардың популяциясын қалпына келтіруге септігін тигізбек. Ал Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, осыдан бірер сағат бұрын ғана «Қытай – Орталық Азия» самииті аяқталды. Бұл жолғы шара өте табысты өтті десек те болады.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ – ТІЛШІ:
— «Қытай – Орталық Азия» саммитіне Қазақстан, Қырғызстан,Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары мен Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин қатысты. Жиын барысында сауда, энергетика, көлік және логистика, цифрлық және мәдени гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері күн тәртібіне шығарылды. Бұл салаларда нақты жобаларды ілгерілетуге және жаңа келісімдерге қол жеткізілді.
РОМАН СКЛЯР – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Менің ойымша, визасыз режим ашылғаннан кейін екі ел азаматтары бір-біріне жаңаша көзқараспен қарай бастады. Тіпті бұрын күмәні немесе алаңдаушылығы болған отандастарымыздың сенімі артты. Бір-бірімізге бұрынғыдан да ашық бола түстік, бұл туристер ағынын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Біз Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастыққа ниетті барлық елден инвестиция тарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сиань қаласындағы порттың құрылысы, көлік пен логистика салаларындағы бірқатар жекеменшік инвестиция — соның айғағы.
Сондай-ақ бүгінгі «Қытай – Орталық Азия» кеңесінің екінші отырысы аясында жалпы құны 17 млрд АҚШ долларынан асатын 35 меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, 2024 жылы Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда қарқыны 95 млрд АҚШ долларына жеткен. Оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі болды. Осылайша екі жақты сауда айналымы рекордтық меже – 44 млрд долларға жеткен. Осы жолғы кездесу де сәтсіз емес.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Екі ел делегациясы энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауылшаруашылығы, сауда, туризм, медицина байланысын қамтитын құжаттармен алмасты.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.