Таяу Шығыстағы қақтығыс мұнай нарығына әсерін тигізіп жатыр

Таяу Шығыстағы шырғалаң мұнай нарығына айтарлықтай әсерін тигізіп жатыр. Kursiv басылымының жазуынша, Иранның энергетикалық нысандарына жасалған соққылардан кейін мұнай фьючерстерінің бағасы күрт өсіп кеткен. Яғни жақын арада нарықта ұсыныс тапшылығы болуы мүмкін. Сарапшылар әлемдік қара алтын бағасы барреліне 130 долларға дейін көтерілетінін айтады. Себебі Иран – ОПЕК+ елдері арасындағы ірі өндірушілердің бірі. Ислам Республикасы тәулігіне шамамен үш жарым миллион баррель мұнай өндіреді. Осы жағдайға байланысты отандық мұнай-газ секторы да біршама қиындыққа тап болады деген қауіп бар.
Kursiv мәліметіне сәйкес, елдегі мұнай-газ компаниялары негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін қысқарта бастаған. Мәселен, былтыр 33 пайызға азайған. Десе де сала мамандары мұндай ахуал сыртқы факторлар әсер еткен қысқа мерзімді құбылыс емес екенін алға тартады. «Бұл – елдегі ең ірі кен орындарын кеңейтуге бағытталған инвестициялық циклдың аяқталуы», — дейді. Соған қарамастан орта мерзімге бағытталған жаңа ірі инвестициялық жобалардың жоғын да жасырмады.
———————————————