Атырауда жергілікті бидік бір аулаға 54 орындық қойып, көпшіліктің сынына ұшырады. Өйткені тұрғындар ауладағы орындықтың көптігінен, тіпті аяқ алып жүру мүмкін емес деп отыр.
Бұл 54 орындықты әкімдік 100 аула жобасы аясында қойыпты. Бірақ жұрт әр метр сайын тұрған орындықтың керегі жоқ деп отыр. Өйткені әлі пайдалануға берілмесе де қирап, кейбірін шаң басқан.
АМАНКЕЛДІ МАУТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мына орындықтарды толтырып қойған. Кейбір аулаларға жетпей жатыр. Осынша неге қойған?! Бізге зияны жоқ. Бірақ кейбір жерге жетпей жатқан шығар. Соны қарамай ма екен?!
ЖҰМАҒАЛИ ЕРҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Алды да кілең орындық салып қойды. Толып тұрған орындықтың бәрі керек емес, шынымды айтсам. Салса бір 10-20 шақты жетеді ғой.
Қоғам белсенділері де тұрғындар сөзін жоққа шығармайды. Қазір шаһардағы демалыс орындары мен кейбір тұрғын үй аулаларында орындық тапшы. Сондықтан бұл бюджет қаражатын оңды-солды шашу деп есептейді.
НҰРЛАН ЖУНАСОВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
— Бұл дұрыс емес деп санаймын. Тек ақшаны босқа жұмсады. Басқа да аулаларға жетпейді, сонда қойғандары дұрыс қой. Мәселен, көптеген саябақта демалатын орындар жоқ, орындық жетпейді. Сонда орнату керек. Қалай есептеген? Соған таңғаламын.
Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл жобаға қыруар қаржы жұмсалған. Айталық, әр орындыққа шашамен 55 мың теңге шығындалған.
ЕРБОЛ АЙТҚАЛИЕВ, ТҮКШ ЖӘНЕ ТҮИ БӨЛІМІ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІНІҢ М.А.:
— Осы орындықтар мен қоқыс жәшіктері жобада дәл осылай көрсетілген. Бір қадам емес, адам саны көп болуына байланысты осылай қарастырылған болатын. 100 ауланы абаттандыру деп аты да айтып тұр ғой, 100 аула. Барлығы да жобада қарастырылған.
Айта өтейік, жалпы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 8 млрд теңге бөлінген. Енді жыл соңына дейін «100 аула» жобасы аясында тұрғын жайларға абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.