Абай облысында тұратын Тұқыбаевтар әулеті күллі өмірін теміржол саласына арнаған. Қазірдің өзінде бұл әулеттің төртінші ұрпағы осы салады еңбек етіп келеді. Ал олардың жиынтық еңбек өтілі 700 жылға жуықтап отыр. Сондықтан да бұл әулет Қазақстанның Рекордтар кітабына да енген.
Тұқыбаевтар әулетінің теміржол саласындағы еңбек жолы өткен ғасырдың 30-жылдарында басталған. Үш ағайынды — Мәукен, Ілияс және Сыдық «Түркістан – Сібір» теміржолының құрылысына қатысып, теміржолшы династиясының негізін қалайды. Бүгінде олардың ұрпақтары диспетчер, электромеханик, инженер, жол шебері болып еңбек етіп жүр.
ҒАЛЫМБЕК ТҰҚЫБАЕВ — ЖОЛ ДИНАСТИЯСЫ КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Аталарымыздың сара жолын жалғастырып келе жатырмыз. Қазір 700 жылдық тарихымыз бар. Төртінші ұрпақ жұмыс істеп жатыр. Ары қарай мың жыл болады деген үміттеміз.
Әулеттің үлкені бүгінде 83 жаста. Теміржолда тер төккен аға буынның дәстүрі үзілмей, қара шаңырақта аталас ағайындар жиі бас қосады. Өйткені бұл әулет үшін теміржол – мамандық қана емес, өмірлік мұрат. Тіпті олар қиын-қыстау заманда да теміржол саласынан қол үзбей, адалдықты ту еткен.
ҚҰРАЛАЙ МАЛИКРИЯН, МАГИСТРАЛЬДЫ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Теміржол саласын таңдауда әке-шешеміздің ықпалы өте көп болды. Себебі қазақта жақсы сөз бар «өзенді жағаланның өзегі талмайды» дейді. 90-жылдары тоқырау кезінде, нарықтың әлсіреп тұрған кезінде, еңбекақы болмай жатқан кезде біз басқа салаға не саудаға кетіп, өзіміздің күнімізді көруге болушы еді. Бірақ осы теміржолдан кету миымызға да келмеді және әкеміз әр уақытта өтінді.
Ауызбірлігі жарасқан әулетке ел де ерекше құрметпен қарайды. 2016 жылы — «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, 2022 жылы — «Үздік еңбек династиясы», ал 2023 жылы — Қазақстан Рекордтар кітабына ең ұзақ еңбек өтілі бар отбасы ретінде енді. Бұл әулет еңбекке адалдық пен мамандыққа деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген отбасы – бүгінде жастарға үлгі, елге мақтаныш.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.