Жамбыл облысында сирек кездесетін ішек ауруы – целиакиямен ауыратын балаларға жарты жылдан бері кепілдендірілген, тегін, арнайы тағам берілмей келеді. Өңірде бұл диагнозбен тіркелген 54 бала бар. Жалпы, целиакия кезінде тек глютенсіз өнімдер ғана тұтыну керек. Өмір бойы арнайы диета сақтау қажет. Бұрын ата-аналар тамақты емханалардан алған. Бірақ былтыр қарашадан бастап мүлде берілмей қалды. Қазір аналар балаларының тамағын өз қаражатымен басқа қалалардан тапсырыспен алдыруға мәжбүр. Ал мұндай өнімдердің бағасы әдеттегі тағамнан 10 есе қымбат. Мысалы, глютенсіз ұнның бір келісі 7 мың теңге тұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы тағамға дер кезінде өтінім бергендерін айтты. Алайда құжатта компания атауы мен өнім атаулары нақты көрсетілгені үшін қабылданбаған. Бұл мемлекеттік сатып алу талаптарына қайшы көрінеді.
ГҮЛДАНА НАЗЫМБЕКОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Үкіметтен 2025 жылғы тағайындалған целакия ауруымен ауыратын балаларға арнайы тағам берілуін талап еткен болатынбыз. 2 квартал өтіп кеткен. Бізге 4 кварталға беріліп қойды, 113 млн бөлінді деп айтты. Бірақ әлі берілген жоқ.
СЕРЖАН НАЗАРБЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
– Біз арнайы тағамды Шымкент қаласының тәжірибесін ескере отырып сатып алғымыз келеді. Шымкент денсаулық басқармасының ерекшелігін қолданамыз. Бұл мәселені мемлекеттік сатып алу басқармасының мамандарымен талқыладық. Осы аптада өтінім береміз, ал келесі екі аптада сатып алу процесі жүргізіледі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.