Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі газ жарылысынан кейін апатты деп танылды. Сондықтан толықтай бұзылып, қайта қалпына келтіріледі. Бұдан бөлек, іргелес кіреберістер күшейтілмек. Ал ол қанша уақытқа созылады? Құрылыс аяқталғанша тұрғындар қайда өмір сүреді?
Бүгін Ақтөбе әкімдігі апат болған үйге жүргізілген техникалық сараптама нәтижесін жариялады. Бесінші кіреберіс апатты деп танылды. Іргелес екі подъездің қабырғасын нығайтады. Ал қалған бесеуі қауіпсіз.
АРСЕН ҚАБЫЛҒАЛИМОВ – БАС ИНЖЕНЕР:
– Бесінші кіреберіс құлағалы тұр. Жарамсыз. Қауіпсіздік шаралары қабылданып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуге тиіс. Демонтаж және монтаждау жұмыстарынан кейін 4-ші және 6-шы кіреберіске қосымша сараптама қажет. Қазіргі таңда 4, 5 және 6 подъезге кіруге рұқсат жоқ.
4 маусым күні осы тұрғын үйде жойқын жарылыс болып, 36 жастағы пәтер иесі көз жұмды. Тұрғындар эвакуацияланып, уақытша жатақханаға орналастырылды. Енді оларға Ақтөбенің басқа ықшам ауданынан пәтер беріледі. Сонымен қатар материалдық көмек көрсету көзделген.
АЗАМАТ БЕКЕТ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
– 4, 5 және 6 кіреберістердегі 45 пәтердің әрқайсысына 398 мың теңге көлемінде бірреттік көмек беріледі. Сонымен қатар үш подъездің тұрғындары құрылыс аяқталғанша қалалық балансқа тиесілі пәтерлерге уақытша орналастырылады.
Мемлекеттік қордағы пәтерлерде кем дегенде алты ай уақыт өмір сүруге тура келеді. Сондықтан балаларды балабақша мен мектепке дәл сол аумақта орналастыру жоспарланып отыр. Кей тұрғындарға бұл ыңғайсыздық тудырғанымен, әзірге басқа амал жоқ. Сол себепті апаттан зардап шеккендер заттарын жинап, жаңа баспанаға көше бастады.
ШОЛПАН МАЖИТОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл жағдай, әрине, өте қиын. Болашақта бәрін жөндеп береді, көмектеседі деп үміттенеміз. Қорқыныш, әрине, бар. Жөндеген күннің өзінде, қалай өмір сүреміз – ол жағы белгісіз.
Жарылыстан соң Ақтөбеде «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, адам өліміне алып келу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижесі әлі жарияланған жоқ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.