Атырау жұрты түтінге тұншығып отыр

Атырау жұрты бес күннен бері түтінге тұншығып отыр. Қаланы көк түтін торлады. Соның салдарынан жұрт есік терезе ашудан қалып, ауруымыз асқынды деп жатыр. Ал күкірт сутегі шекті межеден 11 есе артқан. Ыстан қазір егде жастағы адамдардың қан қысымы жоғарылап, балалардың іші өтіп, құсып жатыр. Ал қаладағы қамыс өртімен төтеншеліктер әлі де күресіп әлек.
Бірнеше күннен бері қамыс өртеніп, қаланы көк түтін басты. Жағымсыз иіске әбден тұншыққан халық қазір көшеде бетперде киіп жүруге мәжбүр. Ыстың иісі әсіресе түскі және кешкі уақытта тынысты тарылтады. Балалардың іші өтіп, құсып жатыр.

Көпшілік наразылықтарын әлеуметтік желі арқылы да білдіріп жатыр. Мәселен, атыраулық белсенді газтұмылдырық киіп, ауа сапасының нашарлығын айтып шағымданды.

Қамыс өртімен қоса, қала аймағында күкіртсутегі мөлшері 11 есе артқан. Қазір экологтар тексеріс жүргізіп анықтап жатыр.

АСҚАР ЖҮСІПОВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Тексеріс барысында қаланың аймағында және булану алаңында күкіртсутегінің 10-11 есе артуы орын алды. Бірақ біз нақты кәсіпорындардан деп айта алмаймыз. Тексеріс нәтижесінде белгілі болады. Күкіртсутегі адам денсаулығына, ағзасына зиянды. Сондықтан қауіпті. Қазір экология департаментінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Ауадағы күкіртсутек алдымен тыныс алу жүйесіне әсер етеді. Мұндай уақытта адамда жөтел, көздің ашуы, бас ауруы сияқты белгілер байқалады. Сонымен қатар кейбіреуінде аллергиялық реакция мен демікпе, әлсіздік болуы мүмкін», — дейді дәрігерлер.

ҚҰНДЫЗ АХМЕТОВА, ДӘРІГЕР:
— Күкірттің адам организіміне әсері өте көп. Соның ішінде тыныс алу жүйесіне әкеліп, бронх, асма секілді ауруларға әкелуі мүмкін. Уланған жағдайда адам есінен танып, басы айналып, әлсіздік симптомдары пайда болуы мүмкін. Науқас уланған жағдайда қасында дәрігер болмаса, ең бірінші таза ауаға шығу керек.

Ал «Ақжайық» резерватындағы өрт әлі бықсып жатыр. Қызыл жалынды сөндіруге МИ-8 тікұшағы тартылып, ол 33 рет әуеге көтерілді. 100 тонна су шашқан. Қазір 7 гектардағы өрт ошағын жою жұмысы жалғасып жатыр.
———————————————